Жетісайда достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында спартакиада өтті

0

Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Спорт күні» мерекесіне орай аудандық спартакиада болып өтті.

Аудандық сайыста спорттың кіші футбол, үстел теннисі мен арқан тарту, асық ату мен бес асық, ләңгі тебу түрлерінен 100-ге жуық спорт саласының майталмандары өзара бақ сынасты. Сонымен бірге шараға мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев қатысты.

Қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттай отырып бұқаралық спортты дамыту, достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Жанкүйерлердің спортқа деген сүйіспеншілігін арттырған теңбіл доп шеберлері сайысының қорытындысы бойынша өзге командалардан айла-тәсілі мен тәжірибесін арттырған «Жетісай» футбол клубының құрамасы ІІІ орынға табан тіресе, ІІ орын «Жетісай спорт клубы» командасына бұйырды. Жүлделі І орынды №1 БЖСМ командасының ойыншылары иеленіп, жеңімпаз атанды.

Ал, арқан тартудан ІІІ орынды №2 БЖСМ құрамасы иеленсе, ІІ орынды «Жетісай спорт клубы» мекемесінің, І орынды «Ұлттық спорт клубы» мекемесінің білекті жігіттері қанжығаларына байлады.

Жылдамдық пен дәлдікті қажет ететін үстел теннисі бойынша ІІІ орынға №2 БЖСМ ойыншысы Ерлан Қарашаев, ІІ орынға «Жетісай спорт клубы» ойыншысы Мақсат Қыдырша, І орынға №3 БЖСМ ойыншысы Аружан Нұржанқызы ие болды.

Сондай-ақ, ұлттық спорт ойындары саналатын асық атудан ІІІ орынды «Жетісай» футбол клубы, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубы, І орынды №3 БЖСМ ойыншылары, бес асықтан ІІІ орынды «Жетісай» футбол клубының қызметкері Альбина Ахмет, ІІ орынды «Жетісай» спорт клубының қызметкері Сания Жантасова, І орынды аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қызметкері Гүлбаршын Джайлыбаева, ләңгі тебуден ІІІ орын №1 БЖСМ құрамасының, ІІ орын №3 БЖСМ құрамасының, І орын «Жетісай» спорт клубының еншісіне бұйырды.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар мен үздік ойыншыларға ұйымдастырушылар тарапынан кубок, бағалы сыйлықтар, дипломдармен медальдар табысталды.

Кәсіби мерекеде қоғамдық істерде белсенділік танытып, спорттың дамуына үлес қосып жүрген қызметкерлері Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың алғыс хаттарымен марапатталды.

Айта кетейік, жалпы командалық есепте спартакиаданың ІІІ орынын спорттың 6 түрінен 93 ұпай жинаған «Жетісай» футбол клубының командасы иеленсе, ІІ орынды 106 ұпаймен №3 БЖСМ командасы иеленді. 124 ұпай жинаған «Жетісай» спорт клубының құрамасы командалық есепте көш бастап, 124 ұпаймен І орынды қоржындарына салды.


ПІКІР ЖАЗУ