Түркістан облысында бақ өсіретін шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде
Түркістан облысында гектарлап алма бақ егіп, жеміс-жидек бағытына бетбұрыс жасағандар көбейiп келеді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, облыс бойынша жеміс-жидек ағаштары 17,9 мың гектарға, оның ішінде 5,4 мың гектар қарқынды алма бауы орналастырылған. Өңірде алма, алмұрт, өрік, шие, шабдалы, қара өрік өсіріледі.
Бұл елдегі жеміс-жидек ағаштарының 43% құрайды. Дәстүрлі баулардан гектарына 60-70 центнерден өнім алынса, қарқынды баулардан 300-350 центнерден өнім жиналды. Қарқынды баулардың негізгі бөлігі Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Сайрам аудандарында орналасқан.
Өткен жылы жеміс салу жасындағы жеміс-жидек ағаштарынан 116,9 мың тн (95,8 мың тн алма, 3,6 мың тн алмұрт, 7,4 мың тн сары өрік, 4,2 мың тн шие, 2,4 мың тн шабдалы, 3,3 мың тн қара өрік, 1,8 мың тн жидектер) өнімі жиналды. Бүгінгі күнге 26 мың тн Ресей, Қырғызстан, Белоруссия, Өзбекстан елдеріне экспортталды.
Облыста қарқынды бау шаруашылығын дамыту бұл бағытқа инвесторлар тарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Жеміс-жидек ағаштарын өсіруге келесідей мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.
«Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасы бойынша сатып алынған минералды тыңайтқыштардың 50%;
«Пестицидтер, гербицидтер мен биоагенттердің құнын субсидиялау» бойынша зиянды организмдерге қарсы қолданылатын преператтардың 50% ; «Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасына сәйкес 5 гектардан бастап қарқынды алма бағын салуға жұмсалған шығынның 40% (1 гектарға есептелетін барынша құны 21 000,0 мың теңге) және 5 гектардан бастап жеміс-жидек бағын отырғызуға жұмсаған шығынның 25% ;
Сонымен қатар тұқым шаруашылығын қолдау бағдарламасы арқылы сатып алынған көшеттерінің 50% субсидияланады.