Бүгін Астанада «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды
Салтанатты рәсімге еліміздің әр өңірінде үздік деп танылған әулеттер жиналды. Отбасы күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға арнайы қатысып, Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып бердім.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бұл байқау – ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашатын, өзіндік дәстүрі бар бірегей жоба. Шын мәнінде, халқымыздың асыл қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруде осындай бастамалардың маңызы зор.
Жалпы, біздің қоғамда отбасының рөлі қай кезде де ерекше болған. Халқымыздың таным-түсінігінде шаңырақ, ошақ, отау секілді ұғымдардың киелі саналатыны сондықтан. Жаңа заманда да біз осындай құндылықтардан ажырамауымыз керек. Бұл – қазіргідей сын-қатерлерге толы күрделі кезеңде ұлтты және ұлттық кодты сақтаудың бірден-бір жолы. Осы тұрғыдан келгенде, аталған жоба айрықша мәнге ие.
Дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» дейді. Расымен, әр отбасы – елдіктің тірегі және береке-бірліктің бастауы. Сол себепті, Президентіміздің бастамасымен әр отбасының әлеуетін арттыру, ана мен баланы қорғау және қоғамда дұрыс құндылықтарды дәріптеу жолында ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да осы мәселелерге баса назар аударды.
Осындай жүйелі жұмыс ұрпақ сабақтастығы мен ұлттық бірегейлікті сақтап, отбасы институтын одан әрі нығайта түсері анық. Сондықтан бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жалғаса береді.
Осы ретте байқауда үздік атанып, өнегесімен көпке үлгі болған жеңімпаз отбасыларды жеңістерімен және баршаңызды Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бірлігі жарасқан жұртымыздың мерейі үстем болып, жетістігі еселене берсін!