Шымкентте 150 мыңға жуық азаматқа атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

0

Шымкент қаласында бүгінде 30 962 әлеуметтік аз қамтылған отбасыға яғни, 149 147 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Атаулы әлеуметтік көмек бекітілген заңнамаға сәйкес, отбасының табысы кедейшілік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға тағайындалып төленеді. Атаулы әлеуметтік көмек тоқсанға тағайындалып ай сайын төленеді және кедейшілік шегінен төмен шартты немесе шартсыз түрде ақшалай көмек түрінде беріледі.

Шартсыз ақшалай көмек жалғызілікті және жалғыз тұратын табысы аз зейнет жасқа жеткен адамдарға, I, II топ мүгедектеріне, 2 ай мерзімге уақытша еңбекке жарамсыз адамдарға, құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі 3 жасқа дейінгі бала бар отбасыға, басқа адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж жандарға көрсетіледі.

Шартты ақшалай көмек табысы аз жалғызілікті немесе жалғыз тұратын еңбекке қабілетті немесе құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар отбасыларға көрсетіледі. Жұмысқа қабілетті мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан жағдайда ғана атаулы әлеуметтік көмек беріледі.

Көмек алушылардың ішінде 1-6 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларды кепілдендірілген әлеумметтік топтамамен қамтамасыз ету «Грамад» сауда орталығы арқылы іске асырылады. Шымкент қаласы бойынша бүгінгі күнге дейін 212 194 дана кепілдендірілген әлеуметтік топтама таратылды. Оның ішінде 1 мен 3 жас аралығындағы балаларға 69 714 азық-түлік жиынтығы, 3 пен 6 жас аралығындағы балаларға 95 752 кепілдендірілген әлеуметтік топтама таратылды. Сонымен қатар, тоқсанына бір рет берілетін тұрмыстық-химиялық жиынтықтың 46 728 данасы таратылды.


ПІКІР ЖАЗУ