Қызылордада сотталғандар танымал спортшылармен кездесті

0

 Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде тәрбиелік бағыттағы маңызды шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ. Мекеме әкімшілігі сотталған азаматтарды спорттың құндылығы мен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында танымал спортшылармен кездесу өткізді.

Кездесуге Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Сихымов Ғалым Бітімбайұлы, «Қайсар» футбол клубының жартылай қорғаушысы әрі команда капитаны Нәрзілдаев Думан Ахметтіләұлы және тоғызқұмалақтан әлем чемпионы, бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Бостандықов Бексұлтан қатысты. Шараның мақсаты – сотталғандарға спорт арқылы өмірге жаңа көзқарас қалыптастыру, оларды қоғамға қайта бейімдеуге ықпал ету және рухани қолдау көрсету.

Спортшылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, спорттың адам өміріндегі рөлі мен оның адамгершілік, төзімділік, тәртіп секілді құндылықтарды тәрбиелеудегі маңызын түсіндірді. Бостандықов Бексұлтан ұлттық ойын – тоғызқұмалақтың тарихы мен ерекшеліктері туралы баяндап, өзінің жетістіктерге қалай қол жеткізгенін әңгімеледі. Думан Нәрзілдаев футболдағы командалық рухтың маңыздылығын атап өтіп, спорттың өмірдегі қиындықтарды жеңудегі рөліне тоқталды. Ал Ғалым Сихымов спортпен шұғылданудың физикалық және психологиялық денсаулықты жақсартуға қалай әсер ететінін айтты.

Кездесу барысында сотталғандар спортшыларға сұрақтар қойып, олардың тәжірибесі мен жетістіктері туралы қызығушылықпен тыңдады.


ПІКІР ЖАЗУ