Түркістан облысында мақта кластерін дамыту жұмыстары пысықталды

0

Түркістан облысында мақта нарығына экспорттық тәуелділікті жою, тоқыма-тігін саласын дамыту мақсатында «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілген болатын. Жол картасына сәйкес, өңірде 9 мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 14 мың жұмыс орны ашылып, жыл сайын салық түсімі 26,2 млрд теңге құрайтын болады деп жоспарланған. Аталған жоспардың орындалу барысы облыс әкімдігінде арнайы талқыланды.

Өңір басшысы Нұралхан Көшеров мақта кластерін дамытудың маңызына тоқталып, жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Мақта кластеріне қатысты жоспарды тағы да нақтылап, қарап шығыңыздар. Келісілген инвесторлармен байланысты үзбей, жобаларды жүзеге асыруға ықпал етіңіздер. Мақта кластерін дамыту көзделіп отырған аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшылары жұмысты күшейтуі тиіс. Екіншіден, мақта алқаптарына су үнемдеу технологияларын енгізуде өңірде ашылған кәсіпорындар тартылуы қажет, – деген Нұралхан Көшеров мақта кластерін қалыптастыруға арналған жобалардың инфрақұрылымын тарту, ұйымдастыру жұмыстарын кешіктірген әкімдерге нақты міндеттер жүктеді.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Плалов осы бағыттағы жұмыстарды баяндады. Сауран, Ордабасы, Шардара аудандарында бір-бірден және Мақтаарал мен Жетісайда  кәсіпорыннан құру жоспарланған. «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС-нің мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау көпсалалы нысанының құрылысы басталды. Жаңа қытай технологиясымен  1,2 мың гектарға мақта егілді. Технологияның тиімділігі – суды, энергияны, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарына 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік берді.

2025 жылы облыс бойынша мақта дақылын 135 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Оның ішінде: дәстүрлі тәсілмен – 85 мың гектар, жаңа технологиямен 50 мың гектарға мақта егілмек.


ПІКІР ЖАЗУ