Сайрам ауданында жер түгендеу жұмыстары жалғасады

0

Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтың төрағалығымен жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін қайтару  мәселелері талқылаған кеңес өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы және тиісті бөлім басшылары қатысты.

Сайрам ауданы әкімінің  қаулысына сәйкес Қарасу ауылдық округіндегі 065 және 067 орамдарынан 13 жеке меншік құқығындағы жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін қайтару жоспарланған. Мұндағы мақсат – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту үшін көпқабатты тұрғын үй кешендерін салу болып табылады.

Жиын барысында аудан басшысы Арман Сәбитұлы аталған жобаны тез арада аяқтау қажеттігін айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, жұмыс барысында жер иелерімен заң талаптарына сүйене отырып, нақты шаралар қабылдау қажеттігін, жұмыс жоспарының картасын әзірлеуді тапсырды.

Айта кетейік, аудан көлемінде жер учаскелеріне түгендеу жүргізу, заңсыз иелену мен өз бетінше тұрғын үй құрылысын жүргізу деректерінің нақты санын анықтау мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Жалпы Сайрам ауданының жер көлемі — 114 761 гектар болса, ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 76 820 гектар, оның ішінде егістік жерлер — 51 862 гектар, суармалы егістік — 15 466 гектарды құрайды.


ПІКІР ЖАЗУ