Трансфузиолог-дәрігер: Күн сайын 200-ге жуық елордалық қан тапсырады

Қан жүйесі – адам организміндегі тіршілік үшін маңызды. Жыл сайын елімізде 250 мың донор қан тапсырады, 250 мыңға жуық донация, яғни қанды бiрнеше рет тапсыру жүзеге асырылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сонымен қоса 380 мың адамға қан құйылады. Қан донорларымен қамту жұмысы қандай деңгейде? Күніне қанша елордалық қан доноры болады? Осы және өзге де сұрақтарды Астанадағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының басшысы, жоғары санатты дәрігер-трансфузиолог Сәния Әбдірахмановаға қойған едік.
— Сәния Әлішқызы, еліміздегі бірден-бір ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығының маңызды бағыттарының бірі – елордадағы ауруханаларды донорлық қанмен қамтамасыз ету екендігі белгілі. Қала үшін ол жеткілікті ме?
— Қазіргі таңда донорлық қан жеткілікті. Алайда тағы бір мәселе бар, оның қалай келетіндігінде. Тұрақты негізде қан тапсыратын тұрақты донорлардың жеткіліксіздігін мойындауымыз қажет. Дегенмен, соңғы кездері қоғам, әсіресе жастар бұл проблемаға барынша мұқият қарай бастады. Адамдар күн өткен сайын жауапкершілікті сезініп, қан қорын толықтыруға өз үлестерін қосуға қадам жасап жатқандары қуантады. Өздері бастама білдіріп, келіп, қызығушылық танытып, қандай көмек қажеттігін сұрап жататын адамдардың саналы шешіміне қарап қуанамын. Бірақ көп жағдайда донорларға өзіміз хабарласып, қан тапсыруға тағы келулерін сұрайтынымызды да жасырмаймын.
Біздің орталықты елдегі оқиғалар кезінде ғана еске алатыны қынжылтады. Мәселен, Қаңтар оқиғасы, өрт кездерінде қан тапсыруға келетіндердің легі толассыз болады. Ал Рамазан айында донорлардың қарасы саябырсып қалады.
Ал, жалпы қан қоры жеткілікті деңгейде. Сол үшін күн сайын жұмыс істеудеміз. Бірақ адамдар тұрақты түрде келіп қан тапсырып тұру дәстүрін қалыптастырғаны жақсы болар еді.
— Статистикалық деректер келтіре аласыз ба?
— Әдетте күн сайын орталығымызға келетін елордалықтардың 20%-ы қандай да бір себептерге байланысты донор бола алмайды. Яғни 100 адам келсе, оның ішінде 20 адамның қаны жарамсыз деген сөз. Сондықтан неғұрлым дені сау адамдардың үнемі келіп тұрғаны маңызды. Қазір тәулігіне түрлі қан компоненттеріне ие 150-200 адам келуі үшін тынбай еңбек етудеміз. Қала бойынша осындай көлемді қамту оңай емес.
— Қанға қатты мұқтаж болған кезеңдерді атай аласыз ба?
— 2018 жылы сондай жағдай болды. Одан кейін пандемия кезінде де қан донорларына мұқтаждық қатты байқалды. Ол уақытта әсіресе астанамызда жоғары маманданған медициналық көмек көрсету көлемі күрт артты. Гематология саласы дами бастады.
— Донорлық қан қандай жағдайда көп қажет болады?
— Қанның көп бөлігі пациенттердің қан түзу функциясын басу талап етілетін химиятерапия бөліміне жіберіледі. Ондай пациенттер өздерінің тромбоциттері мен эритроциттерін өндіруге қауқарсыз. Химиятерапиядан соң біршама уақыт өткен кезде оларға толықтырушы ем қатты қажет. Сол кезде пациенттерге донорлық жасушаларды құямыз.
Одан кейін үлкен ауқымдағы операциялар жасалатын кардиохирургия және хирургиялық емханаларға да донорлардың қанын көп жөнелтеміз. Хирургиялық операциялар кезінде науқастар қан көп жоғалтып, оның орнын толтыру керек жайттар жиі кездеседі.
Сондай-ақ босанғаннан кейін әйелдерге де қан құю қажет жайттар болады. Донорлық қан жол апатына түскен жандардың да өмірін құтқаруы ықтимал. Негізгі бағыттар осы.
— Донорлық қан жетіспейтін кездер де бола ма?
— Қан қашан да бар. Жетіспейтін кез болмайды. Қан орталығының қызметкерлері жанталасып жұмыс істеп, емдеуші дәрігерлермен тығыз байланыста болады. Бірақ мынаны түсінуіміз керек. Қан – жер астынан қазып ала беретін мұнай емес. Оны бізге тек донор ғана бере алады. Бұл үнемі қан қорын толықтырып отыру керектігін білдіреді. Сондықтан әрбір қазақстандықты егер мүмкіндігіңіз болса, денсаулығыңыз келсе, донор болуға шақырамын! Бұл – қоғам үшін өте маңызды!
— Кімдер донор бола алады?
— Заңға сәйкес, кәмелет жасқа толған, донор болу үшін қарсы көрсетілімдері жоқ, салмағы 50 келіден асатын дені сау кез келген адам донор бола алады. Ал 60-тан асқан жандарға донор болу-болмауды трансфузиолог-дәрігер анықтайды.
— Кімдер донор бола алмайды?
— Жұқпалы аурумен, мысалы, сифилис, туберкулез, вирустық гепатитпен ауырғандар, онкологиялық және жүрек-қантамыр ауруларына шалдыққандар қан тапсыра алмайды. Сондай-ақ жүкті және бала емізетін әйелдерден де қан алмаймыз. Тұмаумен ауырғандардың 2-3 апта өткеннен кейін ғана донор болуына мүмкіндік бар.
— Елдегі донорлардың орташа жасы қандай?
— Қазақстандық донорлардың орташа жасы шамамен 25 пен 35 жас аралығы деп айтар едім.
Осы жерде статистикалық деректер келтіре кетсем, жыл сайын 200 мыңнан астам азамат донор болады. Олар арқылы қан мен оның компоненттерінің 250 мыңнан астам донациясын жүзеге асырылады. Елімізде дайындалатын және өңделетін донорлық қанның жалпы көлемі жылына 250 мың дозаны құрайды. Сонымен қоса 380 мың адамға қан құйылады.
— Адамдар неліктен донор болуға құлықсыз?
— Ең басты мәселе – адамның ол проблеманы түсінбеуі деп ойлаймын. Осыдан келіп уақыттың жоқтығы сынды түрлі сылтаулар шығады. Қорқыныш та өз рөлін ойнайды. Адамдар донорлықтан емес, жалпы қан алғызудан, уколдан қорқуы мүмкін.
Қазір бізге волонтерлер көмектесіп, донорларды тартуға қол ұшын созуда. Сонымен қатар діни-наным сенім жағынан қан тапсырмайтын жандар да кездеседі. Сондай-ақ астаналықтарға ыңғайлы болсын деп оң жағалаудан қан тапсыратын орталық аштық. Әлия Молдағұлова көшесінде орналасқан №2 емхананың филиалында Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының жаңа қан тапсыру пункті жұмыс істеп тұр.
Осы жерде тағы бір айта кететін жайт, бізге көпшіліктің арасында «Нұрлан имам» атымен танымал Нұрлан Байжігітұлы көмектесті. Халыққа қан тапсырудың сауапты іс екендігін түсіндіріп, Ырыскелді қажы мешітінде «Донор күнін» ұйымдастырып, жамағаттың жаппай қан тапсыруына себепкер болды.
— Көбінесе қандай қан тобы қажет болады?
— Көбінесе 1, 2, 3-топтың қандары қажет болады. Сосын медицинада әмбебап қан деген түсінік бар. Плазма үшін 4-топ әмбебап болып саналады. Ал эритроциттер үшін – 1-топ. 1-топтың эритроциттерін барлық пациенттерге құя беруге болады. Сол үшін орталығымызға қаны 1-топтағы донорлар көбірек келсе, қорымыз толыға түсер еді.
— Қан тапсырудың денсаулыққа қандай пайдасы бар?
— Қан тапсыру – денсаулыққа пайдалы. Қан тапсырған соң адамның күш қуаты артады. Көңіл күйге де әсер етеді, миокард инфарктiсiн алу қаупi 30%-ға азаяды. Әйел адамдардың тері қабықтары жақсарады.
— Жылына неше рет қан тапсыруға болады?
— Ер адамдар жылына 5-6 рет, ал әйелдер 4 рет қан тапсыруға рұқсат.
— Донорларға қандай жеңілдіктер бар?
— Әрбір донор тегін донорлық медициналық тексерістен өтеді. Заңға сәйкес, тапсырылған қанның көлемі мен ағзаның күшін қалпына келтіру үшін сыйақы немесе жұмыс орнынан 2 күнге жалақысы сақталатын демалыс алуға анықтама беріледі.
— Әңгімеңізге рахмет!