Ресей үшін соғысқан шамамен 600 солтүстіккореялық сарбаз қаза тапты

Оңтүстік Кореяның барлау қызметі Солтүстік Кореяның Украинаға қарсы соғыста Ресей жағында шамамен 15 000 әскери жібергенін, олардың 600-ге жуығы қаза тауып, 4 000-нан астамы жараланғанын хабарлады. Бұл ақпарат Солтүстік Корея әскер жібергенін алғаш рет ресми растағаннан кейін жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Yonhap News агенттігіне сілтеме жасап.
Сарбаздар Ресейге екі кезеңмен жеткізілген. Сәуірден бастап ұрыс қарқыны бәсеңдеген. Пхеньян бұл көмекке жауап ретінде дрондар, зымырандар және спутниктік технологиялар алған.
Сондай-ақ, екі ел өнеркәсіп, энергетика, туризм салаларында ынтымақтастық орнатып, Ресейге 15 000 жұмысшы жіберуде. Ким Чен Ынның 9 мамырдағы Жеңіс күніне қатысуы екіталай, дегенмен болашақ сапары әлі де қарастырылуы мүмкін.
Оған қоса, Сеул барлау қызметі Қытай азаматтарының Оңтүстік Кореяда әскери нысандарды заңсыз суретке түсіру оқиғалары көбейгенін мәлімдеп, шпиондыққа қарсы заңдарды күшейтуді ұсынды.
Бұған дейін Солтүстік Корея Ресейге Украинамен соғысу үшін әскер жібергенін ашық мойындағанын хабарлаған болатынбыз. Ресей президенті Владимир Путин Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынға Украинамен соғыста қолдау көрсетіп, Ресейге әскер жібергені үшін алғыс айтты.