Әуе қорғаныс күштері әуеде шоу жасайды

Бүгін 19132 әскери әуе базасының аумағында Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге дайындық жасалды. Дайындық барысында өткізілген баспасөз турына BAQ.KZ тілшісі барды.
Әскери шеруге әскери әуе күштерінен, Ұлттық қорғаныс комитетінен және «Қазавиақұтқару» жекеменшік қоғамынан 66 әскери көлік қатысады. Оның сыртында резервтік тікұшақтар мен ұшақтарымыз бар, — деп мәлім етті Әскери әуе күштері қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары Жәнібек Жұмашев.
Ал Әскери әуе күштері қолбасшысы басқармасының аға инженер-инспекторы Азамат Темірғали болса, әскери шеру өтетін 7 мамыр Отан қорғаушылар күнінің маңызын айтты.
Біздің шеруге дайындығымыз 1 ай бұрын басталған. Бұл біздің Отанымыз үшін өте маңызды. Әншейін күнтізбедегі күн емес. Отан қорғаушылар күні әрбіріміздің мерекеміз. Ардагерлер, әскери қызметшілер, офицерлер, генералдардың және Отанымызды қорғауға дайындалып жүрген жасөспірімдердің мейрамы деп ойлаймын, — деді Әскери әуе күштері қолбасшысы басқармасының аға инженер-инспекторы Азамат Темірғали.
Бүгін әскери шеруге әуе техникасын дайындау мақсатындағы алтыншы жаттығу өтті. Майор, Ми-17 тікұшағының командирі Еркебұлан Қалиақпаров 7 мамырға дейін тағы үш дайындық жүргізілетінін жеткізді.
Сондай-ақ командирден өзі басқаратын ұшақтың экипаж мүшелері қандай міндет атқаратынын сұрадық.
Экипаж құрамы 3 адамнан тұрады. Экипаж командирі, ұшқыш-штурман, борттық техник. Экипаж командирінің міндеті тікұшақты басқару, ұшқыш-штурмандікі баратын жерімізге уақытымен, орнымен шығару, борттық техник тікұшақтың жұмыс істеуін бақылайды, — деп жауап берді ол.