Банктер ипотека беруден жаппай бас тартып жатыр – маман

0

2025 жылдың алғашқы жартысында қазақстандық банктер мақұлдаған ипотекалық қарыздардың үлесі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 37%-дан 26%-ға дейін төмендеді. Бұл бұрын жарияланған ипотекалық қарыздар бойынша банк сыйақысының 25%-дан 20%-ға дейін төмендеу аясында орын алды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығыныі дерегінше, биыл жарты жылда банктердің ипотекалық портфелі небәрі 5%-ға ғана өскен. Ал автонесие портфелі 23%-ға, кепілдікпен берілетін қарыздар 10%-ға, кепілсіз қарыздар 8%-ға артқан.

Осы көрсеткіштерге қарамастан, елде ипотекаға деген сұраныс 14%-ға өсті. Бұған серіктестік бағдарламалар, өнімдер желісінің кеңеюі, акциялы өнімдер және жекелеген санаттарға арналған жеңілдетілген шарттар әсер еткен. Алайда 2025 жылдың үшінші тоқсанында ипотекаға қызығушылықтың төмендеуін болжанады, – деді қауымдастық өкілдері.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 16 маусымда Қазақстанда ипотекалық қарыздар бойынша ең жоғарғы ЖТСМ 25%-дан 20%-ға дейін төмендетілген болатын. Бұл қазақстандықтар үшін ипотеканы қолжетімді етуі тиіс еді. 

Алайда осыдан кейін банктер несие беру шарттарын жаппай қайта қарастырып, жаңа қарыздарды шектеуге кірісті. Соның нәтижесінде ипотека пайызын төмендету 1 қарашаға дейін кейінге шегерілген еді. 


ПІКІР ЖАЗУ