Білім күні: Алматыда “Келешек мектептері” жобасы аясында 12 мың орындық 7 мектеп ашылды

0

Бүгін, 1 қыркүйек күні Қазақстанда 2025-2026 жаңа оқу жылы басталды. Алматыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асып жатқан “Келешек мектептері” жобасы аясында 7 жаңа мектеп халық игілігіне берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Олар Теректі, Самғау, Қарасу, Ақбұлақ, Нұрлы Дала шағын аудандарында, сондай-ақ Левитан көшесі мен Райымбек даңғылы, 210 мекенжайында орналасқан. Бұдан бөлек, қыркүйек айының соңына дейін тағы 5 мектеп пайдалануға беріледі. Олардың сыйымдылығы – 10,5 мың орын. Қаладағы “Келешек мектептеріндегі” оқыту үдерісін қамтамасыз ету үшін 693 педагог жұмысқа алынды.

“Келешек мектептері” жобасы аясында салынған мектептің бірі Нұрлы Дала шағын ауданында орналасқан №214 жалпы білім беретін білім ордасы. Бұл мектеп 1500 адамға арналған. Білім күніне арналған салтанатты жиында Алматы әкімі Дархан Сатыбалды оқушыларды оқу жылынның басталуымен құттықтап, мектеп директорына білім ордасының кілтін табыстады.

Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде бір мезетте заманауи жабдықталған “Келешек мектептері” қоданысқа беріліп отыр. Алматы қаласында осындай 21 мектептің құрылысы жүргізіліп, қазір оның 8-і тапсырылып, алдағы екі аптада тағы 5 мектеп қосылады және жылдың соңына дейін 8 мектеп қаламызда бой көтереді. Барша оқушылар мен ұстаздарды білім күнімен құттықтап, сәттілік тілеймін, – деді Дархан Сатыбалды.

Жаңа мектепте төрт спорт зал, акт залы, хореография бөлмесі, шеберхана, асхана және робототехника мен STEM бағытындағы сыныптар бар.

Мектебімізде екі ауысыммен 2480 оқушы оқиды. Өте замануи үлгіде салынған. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін 1-4 сынып оқушыларына арланған бөлек кіретін орын, 5-7 оқушыларына бөлек және 8-11 оқушылары бөлек кіретін орынмен кіретін болады. Балалардың білім алуына, үзілістерде демалуына барлық жағдай қарастырылған, – деді мектеп директоры Света Ахметова.

Айта кетейік, биылғы Білім күніне арналған салтанатты жиындар 1 қыркүйекте тек 1-сынып және бітіруші 11-сынып оқушылары үшін өтті. Алматы қаласы бойынша бірінші сыныпқа 29 240 бала, 11-сыныпқа 19 765 оқушы барды. Қалған сыныптар үшін 2 қыркүйекте Білім күніне арналған “сынып сағаты” ұйымдастырылады.


ПІКІР ЖАЗУ