Қайтарылған активтер: Алматы облысында 26 аурухана салынады

0

Қайтарылған активтер қаражатына Алматы облысында 26 медициналық мекеме салынады, деп хабарлайды BAQ.KZ Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Алматы облысының прокуратурасы заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Мемлекетке қайтарылған қаражат есебінен денсаулық сақтау, білім беру және инфрақұрылым нысандары сияқты маңызды әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда.

Осы жұмыстар аясында, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында, Іле ауданында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға Іле ауданының прокуроры қатысты.

Жаңа медициналық нысан алғашқы медициналық-санитарлық көмекті көрсетуге қажетті заманауи жабдықтармен қамтылған Соның арқасында Көктөрек ауылының 2000-нан астам тұрғыны аудан орталығына бармай-ақ, сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алады.

Бас прокуратураның мәліметінше, жалпы, Алматы облысында қайтарылған қаражат есебінен 29 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 26-сы – денсаулық сақтау мекемелері. Алматы облысының прокуратурасы заңдылықты қамтамасыз ету және активтерді қайтару бойынша жүйелі жұмысын жалғастырып, оларды қоғам қажеттіліктеріне бағыттайтын болады.


ПІКІР ЖАЗУ