Сарапшы: Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілді

0

Қазақстан–Қытай қатынастары соңғы жылдары жүйелі түрде дамып, жаңа сапалық деңгейге көтерілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Бауыржан Әукен мәлімдеді.

2024 жылы екіжақты сауда айналымы 44 млрд долларға жетіп, рекордтық көрсеткіш орнатты. 2025 жылы да оң динамика сақталуда. Бұл серіктестіктің тұрақты әрі ұзақмерзімді сипатын дәлелдейді. Бүгінде ынтымақтастық тек тауар айналымымен шектелмей, энергетика, көлік-логистика, өнеркәсіп және цифрландыру бағыттарын қамтып отыр. Қазақстан–Қытай іскерлік кеңесі сияқты алаңдар ірі жобаларды ілгерілетуге және инвестиция тартуға мүмкіндік беруде, — деп атап өтті сарапшы.

Айтуынша, гуманитарлық саладағы байланыстар да даму үстінде.

Гуманитарлық саладағы байланыстар да жаңа деңгейге шықты. 2025 жылдың Қазақстандағы Қытай туризмінің жылы деп жариялануы халықтар арасындағы мәдени алмасуды кеңейтеді. «Лу Бань» шеберханаларының ашылуы және Бейжіңде Қазақстан мәдениет орталығын құру бастамасы білім мен мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді негізін қалайды, — деді Бауыржан Әукен.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының Қытайға сапарын ерекше маңызға ие деп атады.

Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тяньцзинь қаласына сапары мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі ерекше маңызға ие. Бұл келіссөздер стратегиялық серіктестіктің мәнін нақтылап қана қоймай, алдағы жылдарға бағыт-бағдар берді. Мұндай жоғары деңгейдегі кездесулер өзара сенімді арттырып, жаһандық бәсекелестік жағдайында ортақ мүдделерді үйлестіруге ықпал етеді. Қорытындылай келе, Қазақстан мен Қытай қатынастарының қазіргі қарқыны әріптестіктің біртіндеп әртараптанып, жаңа кезеңге аяқ басқанын айқын көрсетіп отыр. Бұл үрдіс өңірлік тұрақтылық пен даму үшін шешуші факторға айналуда, — деді жетекші сарапшы.


ПІКІР ЖАЗУ