Димаш Құдайбергеннің халықаралық жобасы Алматыдағы туристік орындарда түсірілді

0

Әнші Димаш Құдайберген мен Қытайдың Hunan Broadcasting System телекомпаниясы бірлесе қолға алған «Voice Beyond Horizon» халықаралық музыкалық жобасының түсірілімдері Алматы қаласы мен Алматы облысының көрнекті туристік орындарында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Түсірілім барысында шетелдік көрермендерге ерекше табиғаты бар нысандар ұсынылды. Олардың қатарында су астындағы қылқан жапырақты орманымен әйгілі Қайыңды көлі, UNWTO мойындаған әлемдегі үздік туристік елдімекендердің бірі – Саты ауылы, сондай-ақ Қапшағай су қоймасы бар. Алматы қаласының өзінде түсірілім Арбатта, Көк базарда және метро станцияларында жүргізілді.

Жобаға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген орындаушылар қатысуда. Әртістердің өнерін халықаралық қазылар алқасы бағалайды.

«Voice Beyond Horizon» түрлі елдердің әртістерін біріктіріп қана қоймай, Қазақстанның табиғи сұлулығы мен туристік әлеуетін әлемдік аудиторияға паш етуді мақсат етеді.

Түсірілімдер Түркістан, Маңғыстау, Алматы, Ақмола облыстарында және Алматы қаласында өтті. Халықаралық жобаның ақтық кезеңі Астанада ұйымдастырылады.

Жобаға Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы және өңірлік әкімдіктер қолдау көрсетіп отыр.


ПІКІР ЖАЗУ