Енді ЖИ отбасыны қиын жағдайдан шығаруға көмектеседі

0

 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын пайдалану арқылы бірқатар жаңа жобаны іске асырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрліктің мәліметінше, Enbek.kz электронды еңбек биржасында үміткердің түйіндемесі мен дағдыларына сүйене отырып, жұмыс орындарын ұсынатын автоматтандырылған көмекші іске қосылды. Жасанды интеллект ізденушілерге ең қолайлы ұсыныстарды береді. Бұл шешім жұмыс іздеу уақытын 80%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік бермек.

Еңбек цифрлық экожүйесінде тағы бір маңызды құрал – “Зияткерлік чатбот” іске қосылды. Ол пайдаланушылардың түрлі сұрақтарына жедел жауап беріп, алғашқы кеңес ұсынады. Чатботтың енгізілуі операторларға түсетін жүктемені азайтып, сұраныстарды өңдеу жылдамдығын едәуір арттырған.

Сонымен қатар, министрлік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде азаматтардың жиынтық мүлкін бағалау үшін ЖИ және компьютерлік көру технологияларын енгізуді жоспарлап отыр. Жасанды интеллект бұрынғы деректерді талдау негізінде жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар береді. Егер жоба тиімділігін дәлелдесе, бұл технология болашақта шешім қабылдау критерийлерінің біріне айналып, тіпті отбасыларды қиын жағдайдан шығару жоспарын жасауға көмектесуі мүмкін.

Жыл соңына дейін министрлік кейбір нозологиялар үшін сырттай куәландыру кезінде жасанды интеллект қолданылатын автоматтандырылған мүгедектікті анықтау механизмін енгізуді жоспарлап отыр.


ПІКІР ЖАЗУ