Көлеңкелі айналыммен күрес: Қаржы жүйесіне цифрлық бақылау күшейтіледі

Қазақстанда көлеңкелі экономиканы қысқарту, қаржы операцияларын ашық ету және мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарау бағытында бірқатар жаңа цифрлық және әкімшілік шаралар іске асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Цифрлық ҚҚС және цифрлық теңге
Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің мәлімдеуінше, 2024 жылдан бастап Ұлттық Банкпен бірлесіп «Цифрлық қосылған құн салығы» пилоттық жобасы іске қосылған. Бұл бастама көлеңкелі айналымды азайтуға және барлық қаржылық процестің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қаржы министрлігі цифрлық теңгенің қолданылу аясын кеңейтіп, ақшаны көлеңкеге шығару қаупі жоғары салаларда да осы тетікті енгізуді ұсынды.
Акцизделетін тауарлардың көлеңкелі айналымы
Министрлік акцизделетін тауарлар – алкоголь және темекі өнімдерінің көлеңкелі айналымына қарсы күресті күшейтті. Таңбаланған тауарларды өткізуге қойылатын талаптар қатаңдатылып, таңбалау ережелерін бұзғандарға жауапкершілік енгізілді.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша:
4 млрд теңге сомасына 1 млн литрден астам алкоголь өнімі,
6,6 млн қорап темекі өнімі нарықтан алынды.
Тексеру нәтижесінде 7 млрд теңгеден астам қосымша акциз есептеліп, 152 кг есірткі затын әкелудің 55 дерегі анықталып, жолы кесілді.
Кедендік әкімшілендіру және валюталық бақылау
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы министрлігі жасанды интеллект негізінде Кеден құзыреттер орталығын құруды көздеп отыр. Бұл орталық декларацияланбаған тауарларды анықтап, кедендік бақылаудағы адами факторды азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ SmartCargo платформасы іске қосылады. Ол теміржол және әуе тасымалдары бойынша алдын ала деректер алып, оларды автоматты түрде «KEDEN» ақпараттық жүйесіне енгізуге мүмкіндік береді.
Бұл өзара іс-қимылды қағазсыз форматқа көшіруге, кедендік рәсімдер уақытын қысқартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға жол ашады.
Валюталық бақылау нәтижелері
Мемлекеттік кірістер комитеті валюталық бақылау органы ретінде келесідей нәтижелерге қол жеткізді:
Жыл басынан бері 1 569 әкімшілік іс бойынша 5,9 млрд теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жалпы сомасы 1,5 млн АҚШ долларына жуық декларацияланбаған валютаны шетелге шығару әрекеттері тоқтатылды.
Бюджет қаражатын бақылау және ішкі аудит
Қаржы министрлігінің барлық комитеттері бюджет қаражатының нысаналы жұмсалуына жүйелі мониторинг жүргізуді күшейтті.
Ішкі мемлекеттік аудит комитеті пирамидалық талдау әдісімен бюджеттік шығындарға сараптама жасап отыр.
Мысалы, агроөнеркәсіптік кешенде мақсатсыз жұмсалған қаражат анықталған:
13 млрд теңге көлеміндегі кредиттер ауыл шаруашылығына қатысы жоқ бағыттарға берілген;
Батыс Қазақстан облысында 2 млрд теңге сомасына мал мен тиісті жабдықтар сатып алынбаған.
Осыған байланысты министрлік мемлекеттік қолдау жүйесін қайта қарауды, және оны тек нақты өндірілген өнім үшін беруді ұсынды.
«Цифрлық жібек жолы» және логистиканы цифрландыру
Қаржы министрлігі «Цифрлық жібек жолы» жобасын іске асырып жатыр.
Бұл жоба ел аумағындағы жүк тасымалының қозғалысын бақылауға, жолдар мен кеден бекеттерінің жүктемесін талдауға, инфрақұрылымдық шешімдерді оңтайландыруға бағытталған.
Жоба аясында картада мына нысандар цифрландырылып және геопозицияландырылмақ:
кеден бекеттері;
автожанармай құю станциялары;
уақытша сақтау қоймалары;
бақылау аркалары мен төлем пункттері.
Бұл тәсіл жалған транзитті анықтауға және бақылаудың қосымша деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Көлеңкелі экономиканы азайту бойынша ұсыныстар
Қаржы министрлігі көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету мақсатында келесі шараларды ұсынды:
Салалық министрліктер арасындағы ақпарат алмасуды және цифрландыруды күшейту;
Тасымалдаушылар үшін өткізу пункттері мен ілеспе инфрақұрылымды дамыту;
Мемлекеттік сатып алу және өзге экономикалық секторларда цифрлық теңгені кеңінен енгізу.