Алматыда суық су арзандады

0

1 қазаннан бастап Алматыда суық су тарифі 102 теңгеден 73,92 теңгеге дейін төмендеді. Жаңа төмендетілген тариф жыл соңына дейін күшінде болады. Сондай-ақ суды тұтыну көлеміне қарай тарифтерді бөлу, яғни дифференциация уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

“Алматы Су” сату бөлімінің директоры Серік Шәгіровтың айтуынша, қазаннан бастап алматылықтар жаңартылған түбіртектер алады. Бұған дейін тұтыну көлеміне байланысты төрт түрлі тариф қолданылған болса, енді біртұтас бірыңғай баға енгізілді.

1 қазаннан 31 желтоқсанға дейін қала тұрғындары осы уақытша бірыңғай тариф бойынша төлейтін болады, — деді ол.

Шәгіров тарифтің төмендеу себебін нақты атамады, бірақ 2026 жылдан бастап судың көлеміне қарай айырмашылық қайта енгізілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, дифференциация – тұтыну мөлшеріне қарай әртүрлі тариф қолдану жүйесі, яғни аз пайдаланғандар аз төлейді, ал көп пайдаланғандар көбірек соммада төлем жасайды.

Соңғы бір жыл ішінде Алматыда ауыз су тарифі екі рет айтарлықтай көтерілген болатын. Олар 2024 жылдың қыркүйегінде және ақпанында.

Төлемдерді азайту жолдары

1. Су есептегіш орнату.
Пәтердегі су есептегіштің бастапқы орнату құны – кемінде 15 мың теңге, ал жеке үйлерде – 31 мың теңгеден басталады (құрылғы түріне келісім болған жағдайда). Мұндай жұмыстарды тек лицензиясы бар компаниялар жүргізе алады. Рұқсат етілген ұйымдардың толық тізімі “Алматы Су” сайтында жарияланған.

2. Суды үнемдеу.
Көлемге қарай тарифтің қайта енгізілетінін ескерген жөн.
“Алматы Су” компаниясы тұтынушылар берген көрсеткіштерді әр үш ай сайын тексеріп отырады, сондықтан су есептегіш көрсеткіштерін ай сайын өзіңіз тапсыру қажет.

Су есептегіш көрсеткіштерін беру жолы

Суық су бойынша:

• Көпқабатты үйлер тұрғындары – WhatsApp арқылы: +7 747 377 74 44
• Жеке үйлер тұрғындары – WhatsApp арқылы: +7 708 101 20 31.


ПІКІР ЖАЗУ