ШЫМКЕНТ: Мәжіліс депутаты мал бордақылау алаңында болды

0

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Берік Серікұлы Оспанов «ЕТ ӨНІМДЕРІ КЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, ауылшаруашылығы саласында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Мегополистің шағын және орта бизнесіндегі аграрлық үлес қала тұрғындарын сапалы әрі арзан азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Сол себепті де бұл саланың даму үрдісіне «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының 2021 – 2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында ерекше назар аударылған.
«ЕТ ӨНІМДЕРІ КЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бүгінгі күні 1200 ірі қара мал бордақыланып жатыр. Өндірілген ет негізінен қала тұрғындарына ұсынылады. Мәжіліс депутаты малға берілетін жем-шөптің қаншалықты жиналғаны және қандай бағамен сатып алғаны туралы көбірек сұрақ қойды. Серіктестік директоры Дәулет Құралбаев биыл жем-шөп дайындауда біршама қиыншылықтың болғанын айтты. Былтыр келісі 75-80 теңгеден болған бидайды биыл 120-130 теңгеден сатып алыпты. Ал кебектің келісі былтыр 50-55 теңге болса, биыл 100 теңгеге көтеріліп кеткен. Бұл қымбатшылық еттің бағасының қымбаттауына алып келуі әбден мүмкін. Мемлекет тарапынан субсидия мен аграрлық-несие корпорациясы мал сатып алу үшін пайызы төмен несие берген. Бұл үлкен көмек. Бірақ, тиісті мемлекеттік компаниялар жем-шөпті арзан бағамен беріп немесе сол үшін пайызы төмен несие бермесе, еттің бағасын ұстап тұру қиын болатыны айтылды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Берік Серікұлы Оспанов ауылшаруашылығы саласындағы туындаған көп мәселелерден хабардар екенін және бұл жағдайларды парламент мінберінде тиісті комитет мүшелерімен ақылдаса отырып, шешу жолдарын қарастыратынын айтты.

ПІКІР ЖАЗУ