ШЫМКЕНТ: Мемлекеттік қолдау шаралары арқылы мал саны артып келеді
Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстарды жүргізу мен мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі өскен. Мәселен, 7 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3 пайызға артқан. Өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемі 3,2% — ға, оның ішінде тірі салмақтағы ет 3,2% — ға және сүт 2,6% — ға арту есебінен болған.
Есепті кезеңдері қара мал саны 80,4 мың басты, қой мен ешкі саны 92,6 мың басты, жылқы –14,1 мың бас, құс 934,7 мың басты құрады. Өткен жылғымен салыстырғанда өсім байқалады. Бұған мал өсірушілерге деген мемлекеттік қолдау шараларының артуы ықпал етті.
Айта кетейік, ет бағасының өсуі өндірістің немесе мал басының жетіспеушілігіне байланысты емес. Нарықтық экономика жағдайында ауыл шаруашылығы өніміне және тауарлардың басқа түрлеріне бағаны кәсіпкерлер өндіріс, сақтау, тасымалдау кезінде жұмсаған шығындарды ескере отырып, сұраныс пен ұсыныс негізінде дербес белгілейтінін атап өту қажет. Сонымен қатар, бағаға сыртқы фактор – көрші елдер мен халықаралық нарықтардағы ұқсас өнімдер бағасының өзгеруі де әсер етеді.