ШЫМКЕНТТЕ «МҰҚАҒАЛИ» КӨРКЕМ ФИЛЬМІНІҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ

0

Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұқағали» көркем фильмінің премьерасы Қазақстан бойынша алғаш болып Шымкент қаласында өтті.
«Мұқағали» көркем фильмі ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Онда аты аңызға айналған ақын өмірінің соңғы жылдары туралы баяндалады. Фильмінің түсірілімі 2019 жылдың жазында басталды. Көркем туындының сюжеті өткен ғасырдың 50-70-ші жылдардын қамтиды. Режиссер Болат Қалымбетовтің айтуынша, ескі Алматыға ұқсас қаланы табу үшін, түсірілім тобы Қазақстанның түкпір-түкпірін аралаған. Нәтижесінде шығармашылқ топ ескі көшелері мен үйлері жақсы сақталған Өскемен қаласын таңдады.
Негізгі түсірілімдер Өскемен, Алматы, Санкт-Петербург қалаларында, сондай-ақ Алматы облысында өтті.
Көптеген үміткерлер арасында басты рөлге Махамбет Өтемісов атындағы Атырау облыстық драма театрының әртісі, жас актер Абылай Жанбалаев бекітілді. Сондай-ақ, көркем туындыдан көрермендер Нұрғиса Тілендиев, Бауыржан Момышұлы, Фариза Оңғарсынова, Лашын Әлімжанова сынды ұлы тұлғалардың да бейнесін байқайтын болады. Фильмнің сценарийін белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, режиссер Болат Қалымбетов және Ғазиз Насыров жазған.
Премьераға зиялы қауым өкілдері, ақын, жазушылар, Шымкент қаласының Құрметті азаматтары, кинорежиссерлер қатысты. Шымкенттік көрермен фильмді жақсы қабылдады.

«Мұқағали» көркем фильмі 21 қазаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетілетін болады.


ПІКІР ЖАЗУ