Түркістандықтар топ жарды

0

Ақтауда өткен «Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындары мәресіне жетіп, кіл мықтылар анықталды, деп хабарлайды uaqyt.kz 

 Төрт жылда бір рет өткізілетін дүбірлі жарысқа Қазақстанның 14 облысынан келген 2000-нан аса спортшы өзара бақ сынасты. Өңір командалары спорттың 14 түрінен атап айтқанда, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, құсбегілік, волейбол, шағын футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, гір тасын көтеру, қол күрес, үстел теннисі және кикбоксингтен жарысты.

Спортты серік ететіндердің қатарын көбейту арқылы бұқаралық спортты дамытуды мақсат еткен республикалық шарада Түркістан облысының сайыпқырандары 195 ұпай жинап командалық есеп бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Ал 183 ұпай жинаған Алматы облысының командасы екінші орыннан көрінсе, Қызылорда облысының спортшылары 166 ұпаймен үшінші орынды иеленді. Мұнайлы өңірде өткен сайыста түркістандық ойыншылар қазақ күресі бойынша қарсыластарын тізе бүктіріп, алтын медальды иеленді. Одан өзге жерлестеріміз аударыспақтан да қарсыластарын шаң қаптырып, алдыңғы орыннан көрінді. Қол күрес шеберлері де өрнекті ойын үлгісін көрсетіп қоржынға алтын медаль түсірді. Республикалық сайыста тоғызқұмалақ шеберлерінің де бағы мен бабы қатар шауып, топ жарды. Сондай-ақ, теңге ілу, жамбы ату сайысында да жерлестеріміз жеңіс тұғырынан көрініп, жанкүйерлерінің үмітін ақтады. Түркістандық ойыншылар спорттың өзге түрлерінен де осал емес екендіктерін көрсетті. Мысалы, саятшылық өнері бойынша жерлестеріміз қола алқаны қанжығаға ілсе, гір тасын көтеруден күміс медаль алды. Волейбол ойыны бойынша командалық есепте үшінші орынды місе тұтты.

«Ақ бидай» республикалық ауыл спорты жарысының сегізінші ойыны 2025 жылы Алматы облысында өтетін болады.



ПІКІР ЖАЗУ