Алматы облысында да дүниеге үшем келді
Алматы облысында 26 жастағы жас ана дүниеге үшем әкелді. Сәбилердің үшеуі де қыз бала, деп хабарлайды Egemen.kz.
Үшемдердің анасы — Көксу ауданының тұрғыны Ардагүл Әскербек. Ол — Талдықорғандағы қоғамдық-саяси «Алатау» газетінің тілшісі. Бұл басылымды белгі айтыстар ақын Айтақын Бұлғақов басқарады. «26 жастамын.Тұңғышым бес жаста. Бір қызым, екі ұлым бар. Бүгін міне үшемнің ата-анасы атанып, 6 балалы болдық. Тәубә, Алланың қалауы. Негізі жолдасым жақтан да, өзім жақтан да тұқымымызда егіз бар. Бірақ үшем жоқ», дейді жас ана Ардагүл Әскербек. Ардагүл бүгін Талдықорған қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта таңертең сағат 10:10 шамасында босанған. «Сәбилерімнің жағдайы жақсы. Салмағы — 1 кг 900, 1 кг 800 және 1кг 700 грамм. Қазір дәрігерлердің бақылауында», деді жас ана. Шаңырағы шаттыққа бөленіп жатқан жас отбасы ата-анасымен бірге тұрады. Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының № 2 облыстық перинаталдық орталығында үшем дүниеге келгенін хабарлаған болатынбыз.