Әйелі екі апта іздеп таба алмаған еркек басқа қалада жұмыс істеп жүрген

0

КЕЛЕС. ҚазАқпарат — Түркістан облысының полицейлері әйелге жоғалған күйеуін тауып беріп, алғыс алды, деп хабарлайды inform.kz 

Келес аудандық ПБ-ға жас әйел арызданып, некедегі күйеуін бірнеше күннен бері таппай жатқанын хабарлаған. Әйелдің айтуынша, күйеуі ұялы телефонын үйіне тастап, өзі белгісіз бағытқа шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Алғашқы 2-3 күнде жақындары туыстарының, достарының үйінен іздеп, әрекеттенген. Алайда бұл ісі сәтсіз аяқталған соң полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Аталған жайтты тәртіп сақшылары бірден тіркеуге алды. Азаматты табу үшін учаскелік полицейлер мен жедел уәкілдер жұмылдырылды. Олар жоғалған ер азаматты тез арада табу мақсатында көлік жүргізушілерінен, куәлардан оның баруы мүмкін дос-туыстарынан сұрастыру жұмыстарын жүргізді. 2 аптаға жуық жүргізілген іздестіру шараларының нәтижесінде, келестік полицейлер азаматты Түркістан қаласында жұмыс жасап жүрген жерінен анықтады. Белгілі болғандай, ер адам үйінен шыққан соң досымен бірге Сырдария өзені бойына балық аулауға барған. Одан ары Түркістан қаласына кетіп, сонда құрылыс жұмыстарын жасап жүре берген. Осылайша тәртіп сақшылары аталған азаматты облыс орталығынан тауып, аман-есен үйіне жеткізді. Әйелі күйеуінің дін-аман табылғанына қуанып, полицейлерге оның ішінде Келес АПБ КПБ жедел уәкілі полиция капитаны Болат Құрманқұловқа ерекше алғысын жеткізді. Осы ретте облыс полицейлері барлық тұрғындарға ескертеді, егерде жақыныңыз немесе танысыңыз хабар-ошарсыз кеткен болса, бірден уақыт жоғалтпай полиция қызметкерлеріне хабар беріңіз. Дер кезінде берілген ақпарат жоғалған жанның табылуына өз септігін тигізбек.



ПІКІР ЖАЗУ