Туризмнен теңге түсе ме?

0

Биыл Шымкентке  келген туристердің саны екі есеге артты. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, әлемде әрбір оныншы адам туристік салада жұмыс істейді. Яғни туризм – әлеуеті жоғары, табысты сала. Ал оның мүмкіндігін біз қаншалықты пайдаланып отырмыз, деп хабарлайды  zhasalash.kz 

2200 жылдық тарихы бар, Қазақстандағы үшінші мегаполис атанған Шымкентте осы саланың келешегі қандай? Қандай жоба-жоспарлар бар? Олар қаншалықты жүзеге асып жатыр? Туризмнен теңге түсе ме? Жуырда осы сауалдарға қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Е.Қыдыров жауап берді. Басқарма басшысының айтуынша, Шымкент қаласының туризм саласына бюджеттен бөлінген 1 теңгенің қайтарылымы 62 теңгені құрайды. Биылғы бірінші жартыжылдықта мегаполиске келген туристердің саны 158 мыңнан асып, былтырғымен салыстырғанда екі есеге артты. Жарты жылда  қала экономикасына туризмнен түскен табыс көлемі 9,5 миллиард теңгеге жетіп отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті екі есеге арттыру көзделіп, келген туристер санын 315 мың адамға жеткізу қарастырылған. Нәтижесінде қала экономикасына 19 миллиард теңге түседі деп күтілуде. Е.Қыдыровтың мәліметіне қарағанда, мегаполисте қазір туристік саладағы жұмыстар төрт бағытта жүзеге асуда. Туристерді қаланың көрікті жерлерімен таныстыру үшін «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы құрылған. Орталықтың негізгі мақсаты – «бір терезе» қағидасы бойынша қала тұрғындары мен қонақтарына ақпараттық-консультациялық көмек көрсету. Жалпы, орталық тарапынан 115 тегін экскурсия ұйымдастырылып, 11 мыңға жуық туристке қызмет көрсетілді.  Туристерді ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында Visit Shymkent. kz туристік порталы мен мобильді қосымшасы іске қосылды. Мобильді қосымша туристер үшін таптырмас құрал болып есептеледі. Туристік ақпараттық жүйеге қала аумағындағы 700-ден аса туристік сала өкілдері мен нысандары енгізіліп, портал арқылы әртүрлі мәдени нысандарға 38 414 билет сатып алынды. Ал сайттың іздеу жүйесін 72 мыңға жуық адам пайдаланған. Қолданушылар қатарын Қазақстан азаматтары ғана емес, ТМД елдері және шетел азаматтары да құрайды. Жалпы, бүгінгі күнде бағдарламаны жүктеп алушылар саны 1000-ға жуықтаса, қызмет көрсету саны 130 мыңнан асқан. Аталған жоба тұрғындар мен қонақтарға қала аумағында болып жатқан мерекелік іс-шараларға, тарихи-мәдени нысандарға, оның ішінде театр қойылымдарына онлайн билетке алдын ала тапсырыс беріп сатып алуға, қалаға ұшып келетін рейстер кестесін көруге, ұшақ пен теміржол билеттерін сатып алуға, гид-экскурсоводтардың қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді. Платформаның, әсіресе, пандемия кезінде танымалдылығы артты, себебі қызметтерді  үйде отырып-ақ онлайн аласыз.  Осы жерде айта кетейік, қыркүйекте Шымкент Дүниежүзілік «Біріккен қалалар және жергілікті билік» ұйымына ұсынылды. Аталған ұсыныс Түркия Республикасының Измир қаласында өткен гибридтік форматтағы мәдениет жөніндегі «Біріккен қалалар және жергілікті билік» дүниежүзілік ұйымының IV саммитінде айтылды. Аталған саммитке Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасы мен «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының қызметкерлері қатысқан болатын. Шара нәтижесінде  Измир мен Шымкент қалалары арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі жандандыру жөніндегі келісімге қол жеткізілді.  Измир мен Шымкент  2004 жылдан бері бауырлас қалалар статусында. Одан өзге, 2022 жылы Қазан қаласында ЮНЕСКО-ның ұйымдастыруымен өтетін ауқымды шараға да Шымкент қаласының қатысуы жөнінде ұсыныс түсті. Аталған ұйым ғасырдан аса уақыт бұрын құрылған. Мүшеліктегі елдер ғаламдық ауқымды сауалдарды шешуде бас қосып, муниципалды және мәдени байланысты сақтап, тәжірибемен бөлісіп отырады.  240 мың өңір мен мегаполис  және Біріккен Ұлттар Ұйымы құрамындағы 140-тан астам ел осы ұйымға мүше болып табылады. Ұйымға Қазақстаннан Нұр-Сұлтан және Түркістан қалалары енген.  Жалпы, былтыр ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесін алған Шымкентте көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Олардың бірқатары дәстүрлі түрде өтетін шараға айналды. Мәселен, Шымкент қаласында «Dala kilemderi» көрме-жәрмеңкесі 2016 жылдан бастап өткізіліп келеді. Ол биыл да Bal Tekstil компаниясының ұйымдастыруымен «Көрме» орталығында өтуде.  Жәрмеңке отандық кілем сапасының шетелдік өнімдерден кем түспейтінін дәлелдеп, халық арасында танымалдығын арттыруды көздейді. Шара барысында отандық өнімдермен қатар, Бельгия, Түркия, Иран, Ресей, Өзбекстан және Молдова елдерінің өнімдері де ұсынылуда.



ПІКІР ЖАЗУ