Ұзақ жылға сотталған зейнеткерді Түркістан облыстық соты бостандыққа шығарды

0

Кәсіпкер Хали Сармановты екі ай бұрын Сайрам аудандық соты 7 жылға соттап жіберген еді. Үкіммен келіспеген ауыл тұрғындары мен кәсіпкердің туыстары аппеляциялық сотқа шағымданып, ақыры Сармановты қамаудан шығарып алды, деп хабарлайды ainews.kz

Кәсіпкер Хали Сармановты екі ай бұрын Сайрам аудандық соты 7 жылға соттап жіберген еді. Үкіммен келіспеген ауыл тұрғындары мен кәсіпкердің туыстары аппеляциялық сотқа шағымданып, ақыры Сармановты қамаудан шығарып алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Ашулы тұрғындар Түркістан облыстық сотында төбелес те шығарған еді. Ақыры бір жылдан аса қамауда отырған зейнеттегі кәсіпкер тайлы-тұяғымен сотқа тұрақты қатысқан халықпен бірге ауылына қайтты. Аудандық соттың ісін Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы үш аптаға жуық қараған. Кәсіпкердің ұлы мен қорғаушысы Сайрам аудандық сотының үкімімен келіспейтінін айтып, судья жалған куәгерлердің сөзін есепке алды деп шағымданған болатын. Сайрам аудандық соты Сармановты ҚК-тің 176-бабы 4-бөлігінің б) тармағы және ҚК-тің 228-бабы бойынша кінәлі деп таныған. Аудандық сот «Қайнар-Астық» өндірістік кооперативі азаматтарының талабын ішінара қанағаттандырып, Х.Сармановтан материалдық шығын өндірген. Алайда, сонда да кәсіпкер ұзақ жылға сотталып кеткен еді. Бұл әрекетті Сармановтың ұлдары бизнесті күшпен тартып алу деп бағалады. «Сот үкіміне сәйкес, Х.Сарманов «Қайнар-Астық» ӨК-нің төрағасы қызметін атқарып жүріп, ӨК-тің шотындағы мемлекетке қайтарылуы тиіс ақшаны өз қажеттілігіне жаратып, өкілеттігін теріс пайдаланған және қасақана аса iрi мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi ысырап еткен. Аталған қаражатты ӨК-ке қайтаруға ешбір шара қолданбай, нәтижесінде «Қайнар-Астық» ӨК-нен мемлекетке 61 281 382 теңге ақшаны өндіру мақсатында ӨК-тің уақытша пайдалану құқығындағы жалпы 6 343,74 га жер телімін аукцион арқылы сатылуына жол берген. Қылмыстық істі сот алқасында қарау барысында іс материалдары жан-жақты зерделеніп, сотталған мен оның қорғаушыларының, жәбірленушілердің, олардың өкілдерінің уәждері тыңдалды», — деді Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі. Ақыры облыстық сот алқасы аудандық соттың үкімін өзгертіп, Сармановты рақымшылықпен бостандыққа шығарды. Сонымен қатар, оның жазасы екі есеге қыстартылып қана қоймай, қамаудан шартты түрге де ауыстырылды. Ал, кооперативтегі қазіргі басшылардың ақша талап етуі бойынша Сармановтың жақтастары сотқа 61 миллион теңгені көтеріп келген. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 4-бабы 1-бөлігінің 4) тармағы қолданылып, Х.Сармановқа тағайындалған 7 жыл бас бостандығынан айыру жаза мерзімінің 2021 жылы 22 қазанға дейін өтелмеген 5 жыл 4 ай 27 күн бас бостандығынан айыру жазасының жартысы қысқартылып, түпкілікті өтеуге 2 жыл 8 ай 13 күн бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-тің 63-бабы қолданылып, 2 жыл 8 ай 13 күн бас бостандығынан айыру жазасы шартты деп саналды және осы мезгілге сынақ мерзімі белгіленді. Сот алқасымен үкім келесі негіздерге байланысты өзгертіліп отыр. Істі сот алқасында қарау барысында сотталған Х.Сармановпен ӨК-ке келтірілген залалдың орны толығымен толтырылып, ӨК-тің есеп шотына 61 009 600 теңге аударылғаны, сонымен қатар, оның 68 жасқа толып отырғаны сот алқасымен ескерілді. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi. Жоғарыда аталған мән-жайларды ескере отырып, сот алқасымен сотталған Х.Сармановқа тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасы шартты деп саналды», — деп түсіндірді Түркістан облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы А.Сұлтанов. Қамауда жатқанда үш рет инсульт алған әкесін бостандыққа шығарып алған ұлдары бизнес пен әділдік жолындағы күресті әлі де жалғастырмақ.

Әмірболат Құсайынұлы, Түркістан облысы



ПІКІР ЖАЗУ