Дзюдодан жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды
Бар саналы ғұмырын спорт саласымен байланыстырған Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы, қазақ күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Темір Жұматайды еске алуға арналған дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды, деп хабарлайды shymkenttv.kz
Көп жылдар бойы Бәйдібек аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарған Темір Жұматай туған жерінің спортының өркендеуіне мол үлесін қосты. Қазақ күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт шебері атанған Темір Шұбайұлы ел спортының болашағы жарқын болатындығына сенді. Өзі де спортпен шұғылданып, ауданда бірнеше даңқты балуандарды тәрбиелеп, әлемге танытты. Олардың арасында өз ұлы Пернебек Шұбаев та бар. Бұдан өзге ауыл балаларының көптеп спортқа келуіне ықпал жасады. Бұл республикалық турнирдің облыс спорты үшін маңызды екендігін Түркістан облысының олимпиада резервін даярлау орталығының директоры Нұрлан Айтбеков айта өтті.
НҰРЛАН АЙТБЕКОВ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ОЛИМПИАДА РЕЗЕРВІН ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
2005-2008 жылғы туылған жасөспірімдер арасында өтіп жатқан дзюдо күресі турниріне Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, Жамбыл облыстарынан келген 20 команда арасында тартысты күрес басталды. 300-ден астам татами шеберлері бақ сынасқан додада Түркістан облысының балуандары әзірге көш бастауда.
СҮЙІНДІК РАМАЗАН — ДЗЮДОШЫ
Биыл үшінші рет республикалық деңгейде ұйымдастырылған бұл доданы отбасы мен шәкірттері өткізуде. Баласы Ордабек Шубаев жиында әкесі туралы жылы естеліктер айтты. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұжымы турнирдің өз деңгейінде өтуіне ықпал жасауда.