«Ұйғыр ауданы» деген саяси қателік

0

«Қазақстанда Ұйғыр ауданы бар. Бүтін бір ұлттың атауы берілген жалғыз аудан бұл. Орыс ауданы, Өзбек ауданы жоқ қой, мысалы. Дәл Ұйғыр ауданының ғана әлі күнге дейін осындай атаумен келе жатқаны қызық. Меніңше, әзірге қолымызда мүмкіндік тұрғанда бұл ауданның атауын тыныш қана өзгерте салуымыз керек», – деген пікірін білдіреді құқықтанушы Руслан Түсіпбеков, деп хабарлайды  zhasalash.kz

Неге десеңіз, Қытайдың солтүстік-батысындағы территория баяғыдан бері Ресей мен Қытай арасындағы даулы аймақ болған, біресе ана жаққа, біресе мына жаққа өтіп, қолдан-қолға беріліп келген. Екі ел арасында кезінде жасалған Шәуешек келісімі, Санкт-Петербург келісімі сияқты талай келісімдер арқылы осы жер саудаға салынған. Ал осы жерде тұратын жергілікті ұйғыр-қазақ, дүнген-қырғыз, өкінішке қарай, қашанда  үлкен саясаттың қолындағы ойыншық болып келген.  Ресейлік тарихшы Судоплатов жазғандай, «Түркістан картасын» жүзеге асырмақ болған Сталин кезінде өзінің бұйрығымен ұйғырлардың бір топ басшысын өлтірткен, олар мінген ұшақты советтің КГБ-сы Балқаштың үстінен ұшып бара жатқан кезде жарып жіберген.

– Бұл жерде ең бастысы – Қазақстан «ұйғыр мәселесіндегі» қақтығыстың бір тарапына айналып кетпеуі керек. Ал Қытайдың орталық билігі мен ұйғырлар арасындағы шиеленістің күшейе беретіні сөзсіз. Қазақстанға, меніңше, қолынан келгенше тез арада Қытайдан қазақтарды көшіріп алу керек. Неғұрлым көбірек әкелсек, соғұрлым дұрыс. Біреулер Қытайдағы қазақ пен ұйғыр бірлігі туралы айтады, екеуі де түркі, екеуі де мұсылман дейді. Бірақ қанша дегенмен, Қытайдағы қазақтар мен ұйғырлар арасында ондай бірлік жоқ. Ондағы қазақ пен ұйғыр екі бөлек әлем. Өзім Қытайда болғанда мұны анық байқадым. Қазақ пен ұйғыр бірлігі туралы әңгіме жергілікті қазақтар мен Қазақстанды осы қақтығысқа араластыру мақсатында қозғалады. Радикалды ұйғыр ұйымдары өз мақсатына жету үшін ештеңеден тайынбайды. Ал олардың ең басты мақсаты – Қытайдан қалайда тәуелсіздік алу.  Ұйғыр ауданы деген атаудың өзі ұйғырларға бір үміт сыйлап отырғанымызды білдіреді. Бұл үлкен саяси қателік. Қазақстанға ешкімге үміт сыйламай, сырттағы қазақтарын көшіріп алып, шекарасын күшейтіп, ыңғайсыз атаулармен Қытайдың қытығына тигенді қою керек. Аудан атауын өзгертуге не кедергі екенін түсінбеймін. Қазақстанның жерінің бәрі өзінікі, қазақтың ата-бабасынан қалған тарихи туған жері. Қазақ ешбір халықтың жерін басып алған жоқ. Сондықтан бір ұлттың атауымен жерді атау деген мүлдем болмауы керек. Ол өте қауіпті, болашақта міндетті түрде жарылатын мина сықылды, – дейді сарапшы.



ПІКІР ЖАЗУ