Конституциялық реформа: Парламенттің рөлі мен мәртебесінің өзгеруі

0

 

 

Референдумды қолдау жөніндегі

облыстық штаб төрағасы, Түркістан

облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Р.Балабиев

 

  Бүгінде Түркістан облыстық Қоғамдық штаб өңір тұрғындарымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуде.

 Естеріңізге салсам, мамыр айының басында «Қазақстан мәслихат депутаттарының бірлестігінің» бастамасымен республикалық референдумды қолдайтын республикалық және өңірлік қоғамдық штабтар құрылған болатын. Қоғамдық штабтар республика көлемінде белсенді түрде ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізуде.

  Осы күнге дейін облыстық штаб мүшелері Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Қазығұрт, Келес, Бәйдібек, Отырар, Төлеби, Сайрам, Ордабасы, Түлкібас, Сауран, Созақ, Шардара аудандарында және Түркістан, Кентау, Арыс қалаларында жергілікті халықпен, жастармен, қоғам белсенділерімен және түрлі сала мамандарымен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар және Референдумның мән-маңызы бойынша қалың бұқараға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өйткені, елде бо­ла­тын әрбір саяси бастамалардың жалпыхалықтық деңгейде қолдау тауып қолданысқа енгізілгені абзал. Сонда ғана бұл Заң қоғамдық әділет орнатуға негіз болады.

 Бұл орайда, мемлекетінің келешегіне бейжай қарамайтын кез келген ойлы азамат осынау тағдыршешті сәтте шет қалмай, референдумға қатысуы қажет деп ойлаймын. Өйткені, бұл өзгеріс Жаңа Қазақстанның жарқын болашағына жасалып отырған жауапты қадам.

 Көріп отырғанымыздай, Мемлекет басшысы үлкен өзгерістердің бастамашысы болып, өзгерісті өзінен бастады. Ол Қазақстан халқына Жолдауында өзінің өкілеттігін шектей отырып, Парламенттің рөлін арттыруды, сонымен қатар өкілді билік тармағын күшейтуді  іске асыру қажеттігін айтты. Әрине, ол үшін Ата Заңымызға өзгеріс енгізу қажет екені сөзсіз. Сондықтан, бұл мәселе Конституциялық реформаның басты бағыттарының бірі болып отыр.

Осы орайда, Парламенттің рөлі мен мәртебесінің өзгеруін тарқата айтатын болсам, Мәжіліс бұрын заң жобаларын қарайтын және мақұлдайтын еді, енді заңдарды қабылдайтын болады. Ал, Сенат бұрын заң қабылдаса, енді заңдарды мақұлдайды немесе мақұлдамайды.

 Парламент конституциялық заңдарды Палаталардың бірлескен отырысында, кемінде екі оқы­лым­да қабылдайтын болады.

 Айрықша қажеттілік туындаса, заң­дарды жедел қабылдау тәртібі енгізіліп, халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті сақтауға, елдің экономикалық қауіп­сіздігіне қатер төндіретін жағ­дайларға жедел ден қою мақ­сатында Үкіметтің заң шығару баста­масы арқылы енгізілетін заң жобалары Парламент Палата­ларының бірлескен отырысында шұғыл қаралатын болады.

    Бұл тәсіл елге төнген қауіп-қатердің алдын-алу мақсатында  билік тармақтарының шұғыл жұмысын үйлес­тіруге тиімді.

  Тағы бір айтып өтетін мәселе, Пре­зи­дент Сенат­тың келісімімен Конституциялық Сот­тың және Жоғары сот Кеңесінің төр­ағаларын таға­йын­дайды. Сондай-ақ, Президент Сенатқа 15 емес, 10 де­путат тағайындайтынын болады. Қалған 5-еуі Қазақстан халық Ассам­блея­сы­ның ұсынысы бо­йын­­ша тағайын­далады.

  Бұл тұста, Қазақстан халқы Ассам­б­леясының Мәжілістегі кво­тасы Сенатқа беріліп, оның саны 9-дан 5 депу­татқа қысқа­рады. Сәйкесінше, Мәжіліс депутат­тары­­ның жалпы саны 107 емес, 98 болад

  Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесімен, яғни про­по­р­­ционалды және мажоритар­лы жүйе бойынша сайланады. Сонымен қатар, сайлаушылар бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған Мәжіліс депутат­тарынан мандатты кері қайтарып алу құқығына ие болады. Бұл өз кезегінде, халық қалаулылары мен оларды сайлаушылар арасындағы байланысты күшейтіп, демократия негіздерінің артуына оң әсерін беретін болады.

      Одан бөлек, рес­публикалық бюджеттің ат­қарылу сапасына да парламенттік бақылау күшейтіледі. Ол үшін, Респуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақы­лау жөніндегі есеп комитеті Жо­ғары аудиторлық палата болып қайта құры­лып, оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттарының ал­дын­да есеп беретін болады.  Әрине, бұл  өз кезегінде Мәжі­лістің мәртебесін одан әрі арттыратыны сөзсіз.

 Осы орайда, жергілікті өкілді орган, яғни мәслихаттардың да рөлі күшейеді деп айтуға негіз бар.  Өйткені, жергілікті өзін өзі басқару қызметін ілгерілетуде, проблемаларды атқарушы биліктің назарына дәлелді түрде ұсынуда мәслихаттардың орны ерекше.

 Жергілікті халық өзін толғандырған әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы көптеген сұрақтардың жауабын негізінен өздері сайлаған, сенім білдірген мәслихат депутаттарынан күтеді. Оларды билікпен байланыстырушы «алтын көпір» санайды.

 Бұл орайда, мәслихаттар қызметінің тиімділігі, бірінші кезекте мәслихаттар депутаттарының қаншалықты демократиялық талаптарға сай сайланғанына байланысты. Сондықтан, аралас сайлау жүйесімен түзілген мәслихаттар барынша шынайы, ашық және объективті түрде халық көкейінде жүрген мәселелерге лайықты жауап беруге, белсенді жұмыс істеуге ынтасы артады деп сенемін.

 Әрине, Ата Заңымызға өзгерістер енгізілгенімен, жергілікті мәслихаттардың беделін көтеру – депутаттардың өз қолында екенін де ұмытпауымыз қажет. Президентіміз кешегі Жолдауында: «Азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту үшін мәслихаттарға баса мән берген жөн. Мықты мәслихаттар өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады», — деді. Демек, Президент айтқандай, мәслихаттар жергілікті өзін өзі басқарудың негізгі буынына айналуы тиіс.

 Мәслихаттардың беделі мен абыройы мәслихат қызметінің пәрменділігіне, оның әр депутатының белсенділігіне, қарапайым халықпен тығыз қарым-қатынас жасауына тікелей байланысты. Осы орайда, депутаттар мен сайлаушылар арасындағы байланысты, өзара сенімді нығайту тетіктері Конституциялық реформаларда айқын көрініс тапқан.

 Сондықтан, Президент ұсынған реформаларды іске асырсақ, мәслихаттардың да рөлі артады, әрі еліміздегі демократияның нығаюына жаңа мүмкіндіктер ашылады.

 Жаңа Қазақстанның жаңа тарихын қалыптастыру өзіміздің қолымызда, ағайын! Сол себепті, баршаңызды референдумға біркісідей қатысуға шақырамын!



ПІКІР ЖАЗУ