Қарағанды облысында «ереуілге шыққан» кеншілер басшыларына 3 тамызға дейін уақыт берді

0

Қарағанды облысы Шет ауданындағы «Ақжал» кенішінде «Нова цинк» компаниясының «ереуілге шыққан» жұмысшылары басшыларына бірқатар талап қойды. Олар бұл талаптарының 3 тамызға дейін орындалуын қалайды. Кері жағдайда, бейбіт митингіге арыз жазамыз деп отыр. Ал компания әзірге болып жатқан жағдайға түсінік бермеді.

Жұмысшылар 20 шілдеде жалақыны 50 пайызға өсіруді талап етіп, ереуілге шыққан. Шахтерлар өз еңбегінің дұрыс бағаланбайтынын, төмен жалақы алатынын, бұған қоса, еңбек жағдайының өте нашар екенін алға тартқан. 21 шілдеде түнге қарай жұмысшылар Азаттыққа кәсіпорынға ресейлік Челябинск мырыш зауытынан басшылар келгенін айтты. «Nova Цинк» соларға тиесілі. 22 шілдеде кәсіпорында жұмысшылардан жағдай жөнінде сұрайды. Кейбір қызметкерлер өздеріне қысым бола ма деп те қауіптенеді.

—Басты талабымыз – жалақыны 50 пайызға арттыру, техникалық директор, қызметкерлермен жұмыс жөніндегі директор және еңбек бөлімінің бастығын қызметінен алу. Бізде барлық бөлімде жалақы төмен, еңбек жағдайы өте нашар. Директорлар халықпен жұмыс істемейді. Келіп-кетіп жүреді. Олардың бізбен қатынасына көңіліміз толмайды. 3 тамызға дейін осы мәселелерді шешуді талап етеміз. Халық жиналып, талаптарын жеткізді. Бұдан соң жұмысшылар тобы мен бас директор талаптарды талқылап, жұмысшылар 3 тамызға дейін уақыт берді. Егер 3 тамызға дейін жауаптарына қанағаттанбасақ, бейбіт митингіге өтініш жасап, өндірісті тоқтатамыз. Олар біздің үстімізден арыз жазамыз дегенді де меңзеді – деді Азаттыққа жұмысшылардың бірі.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, жерасты кен шахтерлары мен кен өңдейтін фабрика жұмысшылары өндірісті толық тоқтатпаған және ереуіл жасамаған, олар көшеге шығып, «Nova Цинк» ЖШС басшысы Махмұт Мұстафин мен оқиға орнына келген билік өкілдеріне талаптарын жеткізген. Ол жерде прокуратура мен әкімдік өкілдері де болған.

«Nova Цинк» ЖШС компаниясының өкілдері Азаттықтың сұрақтарына жауап беруге уәде бергенмен жауап әлі түскен жоқ. «Nova Цинк» кәсіпорны Қарағанды облысы Шет ауданы Ақжал ауылында орналасқан. Облыс орталығы Қарағанды қаласынан 200-ден астам шақырым жерде. Кәсіпорын Ақжал кенішінен ашық әрі жабық тәсіл бойынша мырыш-қорғаныс өндіреді. Кеніш қоры 17,7 млн тонна деп айтылады. Ашық дереккөздерге сүйенсек, «Nova Цинк» Челябинск мырыш зауытының бақылауына 2006 жылы толық өткен. Компания сайтындағы мәліметке қарағанда, 2017 жылы компания мен Қазақстан инвестиция және даму министрлігі мырыш-қорғасын рудаларын өндіру жөнінде қосымша келісімге қол қойған. Кенішті 2038 жылға дейін жабық жолмен өндіру жобасы бекітілген. Кәсіпорында шыққан мырыш және қорғасын концентраты Челябинск мырыш зауыты, «Қазцинк» ЖШС, «АГМК» және қытай тұтынушыларына жіберіледі.

Компания мәліметінше, кәсіпорын мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылардың басым бөлігі – Шет ауданының тұрғындары



ПІКІР ЖАЗУ