Стамбулда украин астығын теңіз арқылы тасымалдау туралы келісімге қол қойылды

0

Стамбулда 22 шілдеде Украинадан астық және өзге де азық-түлік түрлерін Қара теңіздегі украин порттары арқылы тасымалдау туралы келісімге қол қойылды. Украина және Ресей өкілдері келісімнің орындалуына кепіл БҰҰ және Түркия өкілдерімен жеке келісім жасасты. Украина жағынан келісімге инфрақұрылым министрі Александр Кубраков, Ресей жағынан қорғаныс министрі Сергей Шойгу қол қойды. Құжатта Түркия президенті Режеп Ердоған мен БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриштің де қолы бар.

Құжатқа сәйкес, Қара теңіздегі үш украин порты: Одесса, Черноморск және Оңтүстік порттарына жол ашылуы тиіс. Ресей 24 ақпаннан бері порттар жолын жауып тастаған еді.

Екі тарап та жүк кемелері өткен кезде атысты тоқтатып, олардың кетуіне мүмкіндік беруі тиіс. Аталған бағыт миналардан да тазартылуы керек. Алайда мәселе порт акваториясын миналардан толық тазарту туралы болып отырған жоқ. Астықты тиеу процесін Украина, Түркия және БҰҰ өкілдерінен жасақталған топ бақылайды. Астық тиеген кемелерді украин флотының кемелері алып жүреді. Түркия әскери-теңіз күштері Стамбулдағы Үйлестіру орталығының бақылаушыларымен бірге украин порттарына барған бос кемелерді тексереді. Бұған дейін Ресей кемелер батыс қару-жарағын Украинаға жеткізу үшін қолданылуы мүмкін деген қауіп айтқан. Бұл сол қауіпті болдырмас үшін жасалған қадам. Украинадан астық тиеген кемелер де тексеріледі. Тексерістер Түркия акваториясында жүзеге асырылады.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш тараптарды келісімге келтіру оңай болмағанын мойындады. Ол құжатты ғаламдық азық-түлік дағдарысын еңсеруге көмектесетін «Қара теңіздегі үміт шырағы» деп атады.

 Түркия басшысы Режеп Ердоған Ресей мен Украина жағына келісімге келгені үшін алғыс айтты. Ердоған Ресей-Украина соғысы бүкіл әлемге әсер етіп отырғанын алға тартып, соғысты тоқтатуға үндеді. Жоғарғы рада депутаты Алексей Гончаренко BBC ақпарат агенттігіне берген сұхбатында астық тиеген алғашқы кемелер Одессадан келесі аптада шығуы мүмкін деді. Қазір Одессадағы элеваторларда шамамен 20 млн тонна астық тұр.

 АҚШ келісімді жылы қабылдады. Ақ үй өкілі Джон Кирби мұны «оң қадам» деп атап, Ресей келісім шарттарын орындаса, жоспар сәтті жүзеге асады деді.

Соғыс басталғалы бері Қара теңіз арқылы украин жүктерін тасымалдау көлемі 95 пайызға қысқарған. Порттарға апаратын жол миналанған. Қазір бірнеше порт, оның ішінде Азов порттары да бар, Ресей күштерінің бақылауында.



ПІКІР ЖАЗУ