HRW Украина оңтүстігінде жаулап алынған аймақтардағы азаптаулар туралы есеп жариялады
Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Ресей армиясын Украина оңтүстігінде — жаулап алынған Херсон мен Запорожье облысында әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды азаптады деп айыптады.
Құқық қорғаушылар ондаған адамның куәлігіне сүйенеді. Олардың айтуынша, азаматтардың із-түзсіз жоғалуы немесе олардың негізсіз ұсталуына Ресей күштерінің қатысы бары туралы 40-тан астам жағдай анықталған. Human Rights Watch өкілдерінің жазуынша, кейбір тұтқындар сыртқы әлемнен оқшауланған, көбі азаптауға ұшыраған. Құқық қорғаушылар үш әскери қызметкердің азапталғанын құжатқа түсірген, екеуі қайтыс болған.
«Ресей күштері Украинаның оңтүстігінде жаулап алынған аудандарды үрей мен жабайы заңсыздық алаңына айналдырды» деді құқық қорғау ұйымының Украина бойынша бас сарапшысы Юлия Горбунова. Әскери қылмыс туралы айтқан ол азаптау, қатігездік, заңсыз ұстаулар жөнінде баяндады. «Ресей билігі мұндай заңсыздықтарды дереу тиюы қажет. Ол үшін жазаға тартылуы мүмкін екенін білуі тиіс» деді Юлия Горбунова.
Human Rights Watch есебі туралы хабарламасында «Медуза» сайты азапталған адамдар арасында Ресейге қарсы наразылық ұйымдастырушылар мен оған қатысушылар, журналистер, жергілікті шенеуніктер барына назар аударады. Ресей билігі Украинадағы әскери қылмыстарға қатысы барын мойындамайды. Буча мен Киев облысының өзге елді мекендеріндегі қырғынға қатысты түсініктеме берген Ресей билігі оны «жасанды қойылым» деп атаған. HRW-тың 22 шілде күнгі есебінде Ресей жағының реакциясы жөнінде айтылмайды.