АҚШ мемлекеттік хатшысы Ресейді терроризмді қаржыландыратын мемлекет деп тануға құлықсыз

0

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен АҚШ сенаты резолюциясы мен ықпалды америкалық саясаткерлердің үндеуіне қарамастан Ресейді терроризмді қаржыландыратын мемлекет деп тануға дайын емес. Бұл жөнінде жұма күні New York Times басылымы жазды.

 Басылымның айтуынша, Блинкен Ресейді терроризмді қаржыландыратын мемлекет деп таныса, бұл оны Ресеймен іскерлік қатынас орнатқан АҚШ-тың кейбір одақтастарына қарсы санкция салуға мәжбүрлейді. Бұл онсыз да ушығып кеткен Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынасты да күрделендіре түседі.

 «Ресейді жасаған әрекеті үшін жауап беруге мәжбүрлетудің өзі Ресейді терроризмді қаржыландыратын мемлекет деп тану туралы шешімнің салдарымен пара-пар. Яғни, қазір көріп отырғанымыз соның салдары» деді Энтони Блинкен бейсенбі күнгі баспасөз жиынында.

 АҚШ сенаты Ресейді терроризмді қаржыландыратын мемлекет деп тану туралы резолюция қабылдағаннан кейін сөйлеген сөзінде Энтони Блинкен осылай деді. Бұл резолюцияның заңдық күші жоқ, тек рекомендациялық сипаты бар. Аталған мәселе бойынша түпкілікті шешімді мемлекеттік хатшы қабылдайды. Алайда өкілдер палатасына енгізілген заң жобасы қабылданса, президент әкімшілігі Ресейді терроризмді қаржыландыратын мемлекет деп тануға мәжбүр болады.

 Ресей терроризмді қаржыландыратын мемлекет деп танылса, Кремль және онымен іскерлік қарым-қатынас орнатқан өзге мемлекеттерге жаңадан санкциялар салынады. Бұл сонымен бірге Ресей үкіметі үстінен Америка сотына шағымдануға жол ашады және бұғатталған Ресей активтері есебінен өтемақы алуға мүмкіндік береді.



ПІКІР ЖАЗУ