Түркістан: Бәйдібек ауданында ғасыр жасаған қарияларға құрмет көрсетілді

0
Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбеков пен аудандық мәслихат хатшысы Асқар Кенехан аудандағы 107 жастағы Күміс Көшкінбаева мен 102 жастағы Қарашаш Тәжібаеваның шаңырағында болып, халықаралық қарттар күнімен құттықтады. Бір ғасырды көрген екі әжейге мерекелік сый-сияпат жасап, иықтарына орамал жапты.
Бәйдібек ауданы Қошқарата ауылында кенже ұлымен тұратын Қарашаш Тәжібаева 1920 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. 8 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген алтын құрсақты батыр ана 20 немере, 15 шөбере сүйіп отыр. Қарашаш әже жастайынан еңбекке араласып, кетпен шауып, жер жыртып, ауыр жұмыстарды атқарған. Соғыс жылдары тоқыма тоқып, майданға түрлі киім-кешектер жіберіп отырған. Тыл еңбеккері, Жеңістің 50,60,65,70,75 жылдығы мерекелік медалдарымен марапатталған.
Ал Алмалы ауылындағы Күміс әже 60 жастағы кенже ұлымен тұрады. Күміс әженің тұңғышы 85 жаста. Жастайынан сауыншы болып жүріп 10 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген Күміс әженің 60 немере, 38 шөбере, 28 шөпшегі бар.
Жалпы аудан көлемінде 100-ден асқан 6 әже ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

ПІКІР ЖАЗУ