Жер, тұрғын үй мәселелерін шешу жолдарын қарастырды

0

Бүгін бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген Екпінді елді мекенінің тұрғыны 2017 жылы 0,68 га тастақ жерді көгалдандыру мақсатында алғанын, әкім қаулысымен ие болған жер учаскесінде тегістеу, құнарландыру жұмыстарын жүргізгенін, ол жерде оңалту –сауықтыру орталығының құрылысын жүргізу үшін жоба дайындағанын жеткізді. Қазіргі кезде жерді заңдастыру бағытында туындағын қиындықтарды шешу үшін аудан әкімінен көмек сұрады. Аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы аталған мәселені заң аясында шешу жолдарын ұсынып, кеңестер берді.

Ынтымақ елді мекенінің бір топ тұрғындары елді мекенге инвестордың балық шаруашылығын жүргізуге қарсылықтарын білдіру мақсатында келгенін жасырмады. Ауыл халқы малды өріске айдайтын жол бойына ешқандай да құрылыс обьекті тұрғызылмасын деп өтініштерін жеткізді. Көтерілген мәселені шешу үшін елді мекен тұрғындары жиын өткізіп, хаттама түзіп, оның қорытындысын аудан әкімдігіне тапсыруды сұранды.

Қала тұрғыны А.Қалыбекова көпбалалы отбасы санатында тұрғын үй кезегінде екенін, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан екі пәтер ұсынылғанын, құрылысы жүріп отырған тұрғын үйлерден пәтер алу мақсатында олардан бас тартқанын айтып, тұрғын үй кезегі қай кезде келетінін сұрады.

Көпбалалы ана «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңына сәйкес, бүгінде 23-ші кезекте тұрғанын және алдағы уақытта құрылысы аяқталған жағдайда пайдалануға берілетін тұрғын үйден пәтер алу мүмкіндігі бар екенін түсіндірді.

Кәсіпкер И.Абдуллаев ауылашаруашылық мақсатындағы жерді заңдастыру жөнінде кеңес сұрады.

Ал, І мөлтек аудан 14 үйдің тұрғындары пәтерлерін жекешелендіруге қатысты сұрақтарын қойып, ол бойынша сала мамандары құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, аталған мәселе алдағы уақытта болатын тұрғын үй комиссиясына ұсынылатынын жеткізді.

Аудан әкімі қабылдауда болған әр азаматтың ұсыныс-пікірлерін назарға алып, көтерілген мәселелердің орындалуын өз бақылауында ұстайтынын айтып, сала басшыларына тапсырмалар берді.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі


ПІКІР ЖАЗУ