Мәжіліс депутаты тұрғындарды жеке мәселесі бойынша қабылдады
Мәжіліс депутаты Ержан Құдайберген аудандағы нысандарды аралап, халықпен кездесуден кейін «AMANAT» партиясының жоспарына сай, аудан әкімдігінде азаматтарды жеке мәселесі бойынша қабылдады. Қабылдауда Ленгір қаласының тұрғыны Ж.Саулембаева І мөлтек ауданында пәтерлер саны артуына байланысты, кәріз жүйесінің мүмкіндігі жетпей отырғанын айтып, мәселені шешуге ықпал етуді сұранды.
Ал, Кенші көшесінің тұрғыны Н.Бейсеуова көгілдір отын құбырлары көше бойымен өтіп, 30 үй әрқайсысы өз үйіне газ құбырын тартып алғанын, құжаттары реттелгенімен, табиғи газға қосыла алмай отырғанына шағымданды. Алатау мөлтек ауданының тұрғыны жолдарға асфальт төсеп, газ құбырлары мен электр желілерін тартып, бағаналар мен трансформатор орнатуға көмек беруді, Қ.Дүйсемұратұлы көшесінің тұрғыны балаларға ойын алаңшасы қажеттігін айтып, мәселені шешуге ықпал етуді сұранды. Төлеби көшесінің тұрғыны көпқабатты тұрғын үй ауласына асфальт төсеуге көмек қажеттігін айтты.
Қабылдауға қатысқан аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы мен салалық бөлім басшылары көтерілген мәселелердің орындалу уақыты мен себебін түсіндірді. Атап айтар болсақ, биылғы жылы тұрғындардың өтінішін ескере отырып, жаңа кәріз жүйесін іске қосу үшін құрылыс жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары дайындалды. Жоба құны 2,6 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыруға облыстық салалық басқармаларға ұсынылып, облыстық мәслихаттың сессиясына қаралып, қолдауға ие болды. Мердігер мекеме анықталған жағдайда кәріз жүйесінің құрылысы басталады.
Кенші көшесін газға қосу үшін ИТД құжаттары рәсімдеу процессі жүріп жатыр, аяқталған жағдайда тұрғын үйлер табиғи газға қосылады. Алатау мөлтек ауданындағы электр энергиясы тапшылығын шешу бағытында тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, 2 млрд 169 млн теңгені құрайтын Ленгір қаласы «Алатау» мөлтек ауданындағы 2,0 га жер теліміне ПС-110/10 кВт қосалқы станциясының құрылысы қаржыландыруға ұсынылып, қолдауға ие болды. Бұған қоса, аталған мөлтек ауданның барлық көшелеріне электр желілерін жүргізу үшін 680 млн теңге қаржы қаралды. Алдағы уақытта бұл қаржы бюджеттен бөлініп, құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.
Қ.Дүйсемұратұлы көшесіне балалар ойын алаңшасын орнату демеушілер есебінен шешімін табады. Ал, Төлеби көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй ауласына қыркүйек айына дейін асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі