Облыс әкімі орталықтағы жұмыстарды аралап, алғашқы тапсырмаларын берді
Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы 10-ға жуық құрылыс нысанын аралап, жұмыс барысымен танысты. Өңір басшысы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңында болып, мердігерлер мен жауаптыларға бірқатар тапсырма берді. Әрбір құрылыстың сапалы жүргізілуінің қатаң бақылауда болатынын айтып, бұл бағыттағы жұмыстардың қашанда назардан түспеуін ескертті.
-Түркістандағы құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Ең алдымен сапаға қойылатын талаптар жоғары. Қажет болған жағдайда құрылыс нысандарына қосымша күш тартылады,- деді облыс әкімі.
Түркістандағы тұрғын үйлерге сұраныс көп. Баға тұрақты. Әкім олардың сейсмикалық жағдайын бақылауда ұстауды, баспаналардың талапқа толық сай салынуын қадағалауды ескертті.
Әкімшілік — іскерлік орталықта 60 көпқабатты үйдің құрылысы аяқталуға жақын.
Облыс басшысына Түркістан қаласы аумағына пайдаланылатын ағын сулары бойынша жұмыстар да баяндалды. Жалпы жасыл желектерге жарты жылда пайдаланылатын су көлемі 10 млн м3. асады. 5 бірден су босату нүктесінен жалпы тəулігіне 50 мың м3 астам ағын су алынуда. Ай сайын 1,5 млн м3 асатын ағын су пайдаланылады.
Д. Сатыбалды сонымен бірге Яссы көшесі мен «Отырар» шағынауданын абаттандыру жұмыстарын қадағалады. Исмаилов көшесіндегі канал мәселесі де тексерілді. Қаланы көгалдандыру жұмыстары үшін 15 сектор жасақталған. 2020-2021 жылдағы аудан, қалалар тарапынан тарапынан 70 000 көшет, 63000 м2 көгал отырғызылған.