Түркістан: Полицейлер 300-ден астам «Трамадол» дәрілік препаратын заңсыз сату дерегін анықтады
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, заңсыз дәрі-дәрмек сатуды жою бағытындағы жұмыстар күшейтілді. Түркістан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шардара қаласындағы дәріханалардың бірінде «Трамадол» дәрілік препаратын заңсыз сату дерегін анықтады. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Құрманбек Сахов мәлімдеді.
— Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында дәрігер болып жұмыс жасайтын дәріхана сатушысы, Шардара қаласының тұрғынын ұстады. Тексеру кезінде оның 30 мың теңгеге әсері күшті «Трамадол» препаратының 340 таблеткасын рецептсіз сатқаны анықталды. Бұл жайт Шардара АПБ-ға тіркеуге алынды полиция полковнигі Қ.Сахов.
Сондай-ақ подполковник жинақталған материалдар бойынша заңды шешім қабылдау үшін Түркістан облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің департаментіне жолданғанын айтты. Онда ҚР ӘҚБтК 426-бабы 1-бөлігі «Фармацевтикалық қызметтің және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының қағидаларын бұзу» бойынша зерделенеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі