«Д.Қонаев біздің халқымызға бұйырған тағдыр сыйы іспетті»

0

1992 жылдың көктемінде біздің Оңтүстік Қазақстан облысына Д.А. Қонаев келді. Мен ол кезде облыс әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары едім. Облыс басшысы Марс Фазылұлы Үркімбаев болатын.

Облыс әкімі деген лауазым 1994 жылы бекітілді. Біздерді 16 облыстың басшыларын Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жинап, кеудемізге «Облыс әкімі» деген төсбелгі тақты.

Д.А.Қонаев сапарының түпкі мақсаты Ташкент қаласында бұрынғы Өзбекстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Ш.Рашидовтың жұбайымен кездесуді жоспарлаған еді. Д.А. Қонаевті алып жүру маған тапсырылды. Мен облыс шекарасына Түлкібас ауданы жағынан «Чайка» автомашинасымен келдім. Жамбылдық делегация мәртебелі қонақты сағат 5-те тапсырды. Қазақстанның дамып, көркеюіне көп үлес қосқан мейірімді де ақылды адаммен ешкімнің де қоштасқысы келмейді.

Д.А. Қонаевты Жамбыл және Шымкент облыстары шекарасында қарсы алу.

Мәртебелі қонақты алып Шымкент қаласына келдік. Келесі күні Өзбекстан астанасы Ташкентке жүріп кеттік. Екі ел шекарасында бізді бұрынғы Өзбекстан орталық комитетінің хатшысы Нуритдин Акрамұлы Мұхитдинов қарсы алды. Бірін бірі жақсы білетін олар кездесуде сағыныштан мауқын басты.

Ташкентке барар жолда жанынан өткен әрбір шаруашылық басшыларының фамилияларын атап отырды. Өзінің жасына қарамай еске ұстау қабілеті мықты екенін көрсетті. Жолда ол маған Қазақстан бастан кешкен әртүрлі оқиғаларды айтып отырды. 1962 жылы Н.С. Хрущевтің бұйрығымен Қазақстанның үш ауданы Өзбекстанға өтті. Ол кезде Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, ұлты ұйғыр Исмаил Абдурасулұлы Юсупов болатын. Д.А. Қонаев Мәскеу басшылығымен келіспегені үшін орнынан түсіп қалған еді. Д.А. Қонаев Ж. Тәшеновпен бірге Қазақстанның тың көтерілген бес өңірін сақтап қалды, сол үшін жоғары дәрежелі қызметтерінен айырылды. 1964 жылы Д.А. Қонаев Қазақстан Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып қайта келгенде, Орталық Комитеттің Бас хатшысы Л.И.Брежневке мақта өсіретін үш ауданды қайтадан Шымкент облысы құрамына қайтаруды сұрады. ( Ильчевский, Мақтарал және Киров аудандары) Бұл мәселе бойынша Л.И. Брежнев Д.А. Қонаевты қолдады. Бас хатшы Д. Қонаев пен Ш. Рашидовты шақырып алып, үш ауданды Қазақстанға Шымкент облысының құрамына қайтаруды тапсырды. Ш. Рашидов келісім бергенімен алты ай бойы Л.И. Брежневтің тапсырмасын орындамады. Д.А. Қонаев аудандарды қайтару мәселесін қайта-қайта қозғап отырды. Ал өзбектер болса қулыққа көшті. Олар КСРО -ның Госпланы (сол кезде оның басшысы көп жерге құдіреті жүріп тұрған Н.К. Байбаков еді) арқылы үш ауданның жерлеріне ондаған совхоз құрылысын Өзбекстан бюджеті арқылы бастап жіберіп, Брежневті совхоздарды Өзбекстанға қалдыруға көндірген. 1971 жылы үш аудан қайтарылғанымен совхоздар Өзбекстанда қалып қойды.

Рашидовтың отбасы партиялық-кеңестік уақытта Орталық Комитетке қарасты коттеджде тұрған. Рашидов қайтыс болғаннан кейін оның отбасына бес қабатты «хрущевкадан» үшінші қабатынан үш бөлмелі кішкене пәтер берді.

Ш. Рашидовтың жұбайы Д.А. Қонаевты үлкен құрметпен қарсы алды. Өзінің өткен өмірін айтып көзіне жас алды, түрмеде отырғанда жанары солғанын  айтты. Біз тар залда бес адам отырдық. Бізді Ш,Рашидовтың қызы химия ғылымының докторы, профессор, Сайора Шарапқызы дастархан жайып күтті. Димекең отбасының басқа да мәселелерін сұрап отырды. Кешкісін бізді «Шелковичная» резиденциясына орналастырды. Ал ертеңгісін Өзбекстан Президенті Ислам Әбдуғаниұлы Каримовпен «Ақ сарай» резиденциясында кездесу жоспарланған болатын. Димаш Ахметұлы кешкі астан соң көптеген құжаттарды ақтарып жұмысқа кірісті. Мен, “Бұл қандай құжаттар?” – деп сұрадым. Ол Өзбекстанның тәуелсіздік алған жылдардағы мемлекеттік статистиканы қарап отыр екен. Мен “Сіз СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі болдыңыз. Мына цифрлар есіңізде шығар?” – деп сұрадым, ол бір сәт үндемей қалды да “Зауытбек, мен Тәуелсіз елдің Президентімен әңгімелесем ғой, сол үшін тың мәліметтерді білуім керек” – деді. Әсіресе жас толқынның есіне сақтар, қандай жауапкершілік десеңізші. Түннің бір уағында құжаттарды қарап отыр. Оның жеке дәрігері Асхат ертеңгі кездесулерге дейін жатып тынығып алуын сұрады.

Ертеңгісін, Өзбекстан Президентінің резиденциясына келдік. Ол 30 минутқа жоспарланған кездесуге жалғыз кіріп, 1 сағат 15 минут бойы әңгімелесті. Мен кездесудің ұзаққа созылғанын айтып едім, балаша қуанғанын жасырмады. Өзбекстан Президентімен болған кездесуде сол жылдың күзінде 7 қарашада Ш. Рашидовтың туған жері Жизақ қаласында 75 жылдығын атап өтуге арналған салтанатты шаралар ұйымдыстыруға келісіпті. Димаш Ахметұлы осы салтанатты шараларға қатысуға Ислам Абдуғаниұлына уәде берді.

Күзде, 6 қараша күні біз Шараф Рашидовтың туғанына 75 жылдығын атап өтуге арналған салтанатты шараларға қатысуға Жизақ қаласына келдік. Салтанатты шараны Өзбекстан Президенті Ислам Каримов ашты. Залда ине шаншар орын жоқ. Жиынды ашқан И. Каримов “Бұл залда Ш. Рашидовтың туыстары, үзеңгілес достары және оны сатып кеткен адамдар да отыр” – деді. Зал бір сәт үнсіз қалды. И. Каримов сөз кезегін Д.А. Қонаевқа беріп, мінберге шықты. Зал ду қол соғумен қарсы алды. Димекеңді 5 минут сөйлетпей-ақ ерекше құрметпен ду қол соғудан зал іші құлақ тұнғандай болды. Ол екі қолын көтеріп халыққа құрмет көрсетті. Осы кезде И. Каримов те орнынан тұрды, қол соғып құрмет көрсету үдей түсті. Каримов орнына қайта отырып, Димаш Ахметұлы қағазсыз сөзін жалғастырып, Ш. Рашидовтың Советтік Өзбекстанның гүлденуіне қосқан үлесін статистикалық цифрлармен келтіріп айтып берді. Ол өз сөзін аяқтаған сәтте И.Каримов те орнынан тұрып қол соқты. Зал Д. Қонаев өз орнына отырғанша ұзаққа созылған ду қол соғу бір тынбады. Ия, есімі құрметпен аталатын адамға Өзбекстан осылай қошемет көрсетті. Біз машинаға отырған кезде мен Димаш Ахметұлынан “өмірде қанша рет осындай қошемет көрдіңіз?” – деп сұрадым. Сол кезде ол менің құлағыма сыбырмен “Зауытбек, бұл басқаша қошемет” – деді. Қайтар жолда біз Өзбекстанның Мырзашөл ауданындағы негізінен қазақтар тұратын Гагарин қаласына бардық. Бұл жерде оны халықтың сүйікті ұлы ретінде жұртшылық қолдарына көтеріп әкетті.

Әсерлі кездесулерден кейін елге қайттық. Жолда Қазығұрт ауданындағы Ленинск ауылында аялдадық. Жоспар бойынша осындағы Д.А. Қонаев атындағы мектептің ашылу салтанатына қатыстық. Іс-шара аяқталғаннан кейін жергілікті кәсіпкер үйіне қонаққа шақырды, жеке дәрігері маған “бұл жоспарланбаған, Димекең шаршады, демалу керек, Сізді тыңдайды” – деп, маған қолқа салды. Димаш Ахметұлы қарапайым халық арнайы дастархан жайып отыр деп, көнбеді. Келісуден басқа лаж болмады.

Қарапайым халықтың дастарханында. Д.А.Қонаев ешқашан халық тілегін қайтарған емес. Ол халықтың ұмтылыстарын, мақсаттарын қолдап отырды.


ПІКІР ЖАЗУ