Сарыағаш: зерттеу жобаларымен республиканы бағындырған жас ғалым

0

15 жастағы баланың өз табысынан жинаған қаражатына Apple маркалы IPhone 14 Pro Max смартфон және Macbook компьютерін сатып алған баланың табыс көзі – аяқталмаған орта білімі мен хоббиі. Иә, расында да, Түркістан облысы білім басқармасының «Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған мектеп-интернатының» 10 сынып оқушысы Камал Жансерік Жақсыбайұлы он үш жасынан бастап смартфонның кең мүмкіндіктерін меңгеріп, сол арқылы табысқа қол жеткізе бастады. Бүгінде білімін шыңдай отырып, өзінің ғана емес, өз мектебінің жетістіктерін арттырып, ата-анасының ғана емес, ұстаздарының да мақтанышына айналып отыр. Бала күнінен алғырлығымен, стандартты емес ойымен және ашық-жарқын мінезімен ерекшеленіп тұратын Жансерікті жаңалыққа құмарлығы оны даму жолына жетелеп отырды. Сондай-ақ, осы жолда оның потенциалын ашып, оған дұрыс бағытты көрсетіп, демеп отырған ұстаздарының еңбегі орасан зор екені күмәнсіз. Табысты ұзтаздар ұжымынан тәлім алып отырған оқушының осы күні мектеп шеңберінде өз шәкірттері мен ізбасарлары аз емес. Білімімен мақтанатын емес, білгенімен бөлісетін оқушы нағыз үздік оқушы емес пе?! Жансерік осындай нағыз үздік оқушылардың бірі…

Түркістан облысы Білім беруді дамыту басқармасына қарасты Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған мектеп-интернаты еліміздің үздік 100 мектебінің тізімінен орын алуы кездейсоқтық емес. Өз тәжірибесін республика көлемінде таратып отырған бұл білім ошағы Сарыағаш және Келес аудандарының жалпы орта білім беретін мектептерінің аманатын орындап келеді. Яғни өз озық оқушыларын еліміз ұсынып отырған мүмкіндіктерді пайдалануын көздеп жіберген ұстаздардың үмітін ақтап, әр баланың дарындылығын анықтап, жеке даму  бағдарын белгілеп, сол бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізіп келеді. 18 жылдық тарихы бар аталған мектеп-интернаттың педагогтарына тоқталсақ, барлығы 44 мұғалімнен қос мұғалім – республикалық «Үздік педагог» атағының иегері, 5 мұғалім педагогика ғылымдарының магистрі болып табылады. Сонымен қатар, 11 педагог-шебер, 11 педагог-зерттеуші, 10 педагог-сарапшы және 8 педагог-модератор біліктілігін көрсетіп отыр. 

Мектеп әкімшілігі, педагогикалық ұжым және ата-аналардың бір мақсатпен бір бағытқа қарай әрекет етуі – мектептің табысты болуына алып келеді. Яғни Сарыағаш ауданының №4 мамандандырылған мектеп-интернаты көптеген шәкірттерді республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейге жеткізіп, жүйелі жолға қойылған жұмысының нәтижелілігін дәлелдеп отыр. Осы мақалада білімге құштар балалардың артып, көпке үлгі болсын деген мақсатта оқырмандарға таныстырылып отырған Жансерік Жақсыбайұлы бір ғана мысал болып табылады.

Дарынды балаларды анықтау, дамыту, және кәсіби қолдау миссиясымен еңбек етіп келе жатқан «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы көптеген конкурстар ұйымдастыратыны белгілі. Осы орталықтың ұйымдастырылатын жарыстар мен басқа түрлі деңгейдегі сайыстардан Жансеріктің қанша марапаттар мен түрлі жүлделерді иеленіп келе жатқанын төмендегі кестеден көруге болады. Сондай-ақ, жарыстардың бір-біріне ұқсамайтын түрлі бағыттар бойынша өтетіндігін және көптеген қарсыластардан озып шығу үшін жан-жақты болу қажет екенін аңғаруға болады. Яғни, олимпиадалар – жылдар бойы жасалған еңбекпен келетін жоғары дәрежедегі сапалы білімді талап етсе, ғылыми жоба конкурстары – бүгінгі таңда қоғамдағы проблемалардың шешімін табуға бағытталған жаңаша тың идеяларды жүзеге асыруды талап етеді. Сондай-ақ, шығармашылық көзқарас пен зияткерлік ойды ұштастыру арқылы робототехника саласындағы жетістіктеріне қол жеткізсе, отансүйгіштік, еліне деген жанкүйерлік сезімдері де патриоттық конкурстарда жеңіске жетеледі. 

2022-2023 оқу жылында ғылыми жобалар конкурсына ұсынған жұмысында демалыс орындарына келген қонақтарға сусын жеткізуші «Қолқанат» роботының макетін жасады. Роботты аппараттық және бағдарламалық жасақтамадан тұратын Arduino UNO платформасы арқылы жасап, оны арнайы роботқа дыбыс жазатын   zvukogram.com сайты арқылы ана тіліміз – қазақ тілінде сөйлей алатын етіп көрсеткен. Сонымен қатар, жобаның қарапайым қолжетімді заттардан жасауға болатыны мен ерекшеліктері жайлы мәлімдеген. Оның ұсынған жұмысы конкурстарда инновациялық тұрғысынан жаңаша авторлық жоба ретінде танылды. Arduino UNO платформасының ерекше мүмкіндіктері, онда қолданылатын функциялар мен басқару элементтерінің ерекшеліктерін қазіргі заманғы қоғамға қажетті дүние екенін дәлелдеп, облыстық кезеңінен ІІ-орынды иеленсе, республикалық деңгейден жүлделі ІІІ-орынға қол жеткізіп қола медальмен және Түркістан облысының әкімі Д.Сатыбалдының қолынан «Республикалық және халықаралық дәрежедегі білім сайыстарында Түркістан облысының атын жоғары деңгейлерде танытқаны үшін» деген мәтіндегі Алғыс хатпен және ақшалай сертификатпен марапатталды.

2023-2024 оқу жылында ғылыми жобалар конкурсына ұсынған жұмысында Жансерік “JARIQ” жасанды интеллект мобильдік қосымшасын жасап оның мүмкіндіктерін, жаңашылдығын көпке дәлелдей алды. Жоба үш тілде қызмет көрсетіп, дыбыстық хабарламаларды  жазбаша мәтінге айналдыра алатынын, қойылған әр сұрақтарға қазақ тілінде қайталанбайтын жауаптар бере алатынын дәлелдеп облыстық деңгейде І-орын алып, республикалық кезеңге жолдама алды. Ерекше дизайн үлгісіндегі бұл қосымшаны төмендегі QR код сілтемесі арқылы Google Play Market – android операциялық системасына негізделген қосымшалар жиынтығынан жүктеп алып, пайдалануға болады.

Адам нақты мақсаттар қойып, оған бағыт алса жетістіктің жолы айқындала түседі. Мұны Жансерік анық біледі. Өйткені оның нақты мақсаты бар. Ол өзіне не қажет екенін біледі, ол өз қолынан келетін дүниені бірден таниды. Оған дәлел республикалық пән олимпиадасында информатика пәнінен қайталаған және жоғарылатқан жетістігі. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Негізгі айтқымыз келгені – еліміздің бүгінгі жастары өз потенциалына қарай үлкен мақсаттарды айқын белгілеп, мүмкіндіктерді толық пайдаланып, еңбек етуден тоқтамаса нәтиже көп күттірмейді. Жансерікке алда келе жатқан республикалық деңгейден өтіп, кезекті жеңісіне қол жеткізуіне сәттілік тілейміз.


ПІКІР ЖАЗУ