Өзбекстандағы кедейлік деңгейі 11 пайызға дейін төмендеді

0

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Бір жыл ішінде Өзбекстандағы кедейлік деңгейі 3,1%-ға қысқарды. Бұл туралы Жұмыспен қамту және кедейлікті азайту министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

 

16 мың үй шаруашылығында жүргізілген бақылауларға сай, Өзбекстандағы кедейлік деңгейі 2023 жылдың соңына қарай 14-тен 11%-ғадейін төмендеген.

«Елдегі кедейлік деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 3,1%-ға қысқарып, 11% болды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 14%-ды құраған еді», — деп мәлім етті министрліктен.

Ведомство ақпаратына сай, Өзбекстанның барлық аймақтарында кедейлік деңгейі төмендеген. Мәселен, Сырдария (19,5%-дан 13,8%-ға) мен Андижан (17,4%-дан 11,9%-ға) облыстарында және Қарақалпақстанда(19,9%-дан 13,7%-ға дейін) айтарлықтай азайды. Ал Ташкент (8,5%-дан 7,9%-ға), Бұхара (11,9%-дан 11,8%-ға) және Қашқадария (12,7% — дан 11,5% — ға дейін) облыстарында төмендеу көрсеткіші баяулау.

Министрліктен мәлім еткендей, былтыр 4,1 млн азамат жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 2,3 млн адам тұрақты және маусымдық жұмыстарға, 112,8 мың өзбекстандық ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылса, тағы 1,6 миллионы өзін-өзі қызметпен қамтыған.

«20 мың кәсіпкер және 500 мың білікті маман» бағдарламасы аясында 6,7 мың кәсіпорынмен келісім жасалды. Оның нәтижесінде 455 мың тұрғынжұмысқа орналасты. 181 мың жұмыссыз азамат түрлі кәсіп бойынша білім алып, 183,8 мың жаңа бизнес субъектісі құрылды.

Сондай-ақ, 51 мың микрожобаны іске асыру нәтижесінде 206 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар үшін жеке бағдарламалар қолға алынып, соның есебінен былтыр 208 мың жанұядағы 873 мың адам кедейлік шегінен шығарылды.


ПІКІР ЖАЗУ