Өзбекстанда балаларға «қорғау ордері» беріледі

0

TASHKENT. Kazinform – Енді балаларды түрлі зорлық-зомбылықтан қорғау мақсатында оларға «қорғау ордері» беріледі. Бұл туралы мемлекеттегі парламенттің төменгі палатасы мәлімдеген.

UzA тарқатқан хабарға сүйенсек, бұл тәжірибе Олий Мажлистің заң шығару палатасына Министрлер кабинеті ұсынған «Балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен қорғау туралы» заң жобасында көрсетілді. Ол балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін айқындайды.

Сонымен қатар, жобада балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауда ата-аналардың (немесе оларды алмастыратын тұлғалардың) орны, олардың міндеттері, білім беру ұйымдарында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы айтылған.

Бұл жобаны әзірлеуде Германия, Франция, Дания, Сингапур, Венгрия, Болгария, Албания, Грузия сынды елдердің тәжірибесі зерттелгені хабарланды.

Заң жобасы қазір Заң шығару палатасының Демократиялық институттар, үкіметтік емес ұйымдар және азаматтардың өзін-өзі басқару органдары комитетінің қарауында.


ПІКІР ЖАЗУ