ТҮРКІСТАН: Бәйдібек ауданында тау фестивалі өтті

0

Елімізде туризмді дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бүгін Бәйдібек ауданындағы «Тау шыңы» демалыс орнында «Tau fest» фестивалі өтті. Іс-шараның ашылуына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әуесбаев және аудан әкімі Ерлан Нұрмаханов қатысып, жастарға сәттілік тіледі.

– Біз бүгінгі іс-шара арқылы таза экологиялық аймақтың үрдісін сақтай отырып, аудандағы көркем жерлердің табиғатын, өсімдіктері мен жануарларын қорғау және тау бөктерінде мәдени демалу тәртібін қалыптастыру мәселелерін насихаттауды мақсат тұттық.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ұлттың жаңа  сапасын қалыптастыру  еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қызметке айналады», — деп ұлт болашағына қатысты тоқталып өткен болатын.  Сондықтан осында отырған барша журналистерге және ұлт болашағы болып есептелетін жастарға ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.  Баршаларыңызға осы фестиваль аясында  уақыттарыңызды тиімді өткізіп, жақсы демалуларыңызға тілектеспін! – деді аудан басшысы.

Алдымен іс-шараға келген қонақтар фестиваль аясында ұйымдастырылған фото және қорықтардың көрмесін тамашалады. Фестивальге 200-ге тарта адам қатысты. Олардың қатарында өңірдегі аудан, қалалардан келген жастар, журналистер мен блогерлер бар. Келушілер ауылдың бір күнімен таныс болып, бие сауу, таба нан жабу, күбі пісу және қол күрес, арқан тарту, кір тасын көтеру сияқты ұлттық ойын түрлерінен өзара бақ сынасты. Осылайша ұлттық құндылықтардың сырына үңіліп, ұлттық спорт түрлері насихатталды.

Шара соңында қатысушы командалар марапатталып, концерттік бағдарламаға ұласты. Содан соң кешкі алау маңында әуезді ән шырқап, пікір алмасты.


ПІКІР ЖАЗУ