Ерлі-зайыпты ұстаздар білім беру саласында отыз жылдан артық жемісті еңбек етіп келеді
Адамның бойында жақсы қасиеттердің болуы, өнер-білімді игеруі – өскен ортаға, білім берген ұстазға байланысты. “Ұстазы жақсының ұстамы жақсы” деген жақсы бір сөз үнемі жас ұрпақ тәрбиелеумен бірге жас мұғалімдерге де білмегенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп отыратындығын меңзесе керек. Осындай ұлағатты ұстаздар әулетінің бірі – Дүйсебаевтар отбасы.
Сарыағаш ауданында Дүйсебаевтар әулетін білмейтін жан жоқ. Ерлі-зайыпты Абдумүтәліп Дүйсебаев пен Ажар Жасұзақова отыз жылдан артық білім беру саласында жемісті қызмет атқарып келеді. Осы аралықта талай талантты ұл-қызға тәлімді тәрбие мен саналы білім беріп, алтын ұядан түлетті.
Бірлік пен берекені жандарына серік еткен Абдумүтәліп Дүйсебаев пен Ажар Жасұзақова 1989-1994 жылдар аралығында Шымкент педагогикалық институтында оқып, тарих пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты. 1992 жылы отау тігіп, бүгінде жарқын өмір құндылықтарын көпшілікке үлгі етіп отыр. 1994 жылы Қапланбек а/о-дегі №7 Төле би атындағы жалпы білім беретін мектебінде ең алғашқы еңбек жолдарын бастайды. Ұлы көшін соңынан ерткен ерлі-зайыпты ұстаздар әлі күнге аталмыш білім ұясында табан аудармай қызмет атқарып келеді.
Педагогика бағытында 30 жылдан аса еңбек етіп жатқан ерлі-зайыпты мұғалімдер білім беру саласына еңбегі сіңген ұстаздар деп айтуға әбден болады. Ұстаздық қызметте арнайы төс белгілермен наградталып, құрмет грамоталары, алғыс хаттармен марапатталған.
Есімдері аймаққа әйгіленген ұстаздар отыз жылдан астам бірге түтін түтетіп, 5 баланы өмірге әкеліп, 10 немере сүйіп отыр. Ең қызығы, ұл-қыздары да ата-анасының ізін жалғап, ұстаздық мамандығының тұтқасын ұстады. Абдумүтәліп Дүйсебаев пен Ажар Жасұзақова тағылымды тәрбиені тек өзінің ұл-қыздарына ғана үйретіп қоймай, мектеп табалдырығын аттаған жас өскіннің қанатын қатайтып, тұлғалық табиғатын ашуда аянбай тер төгіп келеді.