ТҮРКІСТАН: Жетісайда имамдар арасында спартакиада өтті
Жетісай аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық «Нұғман» орталық мешітінің, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен 18 қазан – Рухани келісім күніне орай «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» атты имамдар арасында кіші футбол, арқан тарту және үстел теннисі сынды спорт түрлерінен аудандық спартакиада өтті.
Шараның ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік, төрешілерге әділдік тіледі.
Аталмыш спорттық додаға ауданға қарасты мешіттерден жасақталған командалар қатысып, бақ сынасты. Ә дегеннен өздерінің жеңіске деген жігерлерін көрсетіп, үлкен дайындықпен келген имамдардан құрылған командалар өздерінің тек мешіт пен дін ісінің төңірегінде ғана емес, салауатты өмір салтын ұстанған кәнігі спортшы екендіктерін дәлелдеп бақты.
Тартысты өткен ойынның қорытындысы бойынша өзгелерден оқ бойы озық шыққан командалар арасында кіші футболдан ІІІ орын «Рахман» командасының ойыншыларына бұйырса, ІІ орынға «Жеңіс» командасының имамдары табан тіреді. Жүлделі І орын «Алаш» командасына бұйырды.
Ал үстел теннисінен ІІІ орынды «Түйебайұлы Құралбек» мешітінен Н.Уразбаев иеленсе, ІІ орын «Ән-Нуур» мешітінен келген Қ.Сапарбек, І орын «Әт-Тақуа» мешітінен келген Н.Жайлауға бұйырды.
Сонымен қатар арқан тарту сайысында ІІІ орынға «Жеңіс» командасының ойыншылары, ІІ орынға «Рахман» командасының ойыншылары, І орынға «Алаш» командасының ойыншылары ие болды.
Сайыс соңында Жетісай аудандық «Нұғман» мешітінің бас имамының м.у.а Бағдат Шаймерден мен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бекарыс Әбілдаев, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Нұршарифиддин Мейірбек шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан азаматтарға алғысын білдіріп, жүлделі орындарға ие болған командалар мен түрлі номинация иеленген жекелеген ойыншыларға заттай сыйлықтарын, аудан әкімінің дипломдарын табыс етті.