Фастфудқа тыйым, жаңа тренд пен мұғалім мәртебесі: Жаңа оқу жылы несімен ерекше?

0

 Қазақстанда жаңа оқу жылында 4,1 миллионнан астам оқушы мектепке барады. Елімізде 2025-2026 оқу жылында қандай өзгерістер мен жаңалықтар болады? BAQ.KZ тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Қазақстанда 2025-2026 оқу жылы басталар алдында білім беру жүйесі ауқымды дайындықтан өтті. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл балабақша 1 млн, ал мектепке 4,1 млн бала барады.

Балабақша: ваучерлік жүйе енгізіледі

Биыл 11 800 мектепке дейінгі ұйымға 1 миллионнан астам бала барады. Жыл басынан бері 20 қала мен 7 ауданда балабақшаларды ваучерлік қаржыландырудың пилоттық жобасы іске қосылды. Соның нәтижесінде:

  • 461 мың ваучер берілді;
  • Балабақша кезегі 93 мыңға қысқарды;
  • Жергілікті бюджеттен 7,7 млрд теңге үнемделді.

Жыл соңына дейін барлық балабақша толықтай осы жүйеге көшпек. Сонымен бірге “Тілге бойлау” және “Беске дейін үлгер” жобалары жаппай енгізіледі. Ал 100 балабақшада балаларды еңбекке баулуға арналған жаңа жоба іске қосылады.

Жаңа оқу жылы: 1-сыныпқа 341 мың, 11-сыныпқа 232 мың бала

Елімізде 8 мыңнан астам мектепте 4,1 миллион оқушы білім алады. Биыл 341 мың бала алғаш рет 1-сыныпқа барады, ал 232 мың оқушы 11-сыныпқа өтеді.

Оқу жылы мен каникул мерзімі бекітілді

Министрліктің бұйрығына сәйкес:

    • 1-тоқсан – 8 апта, күзгі демалыс: 27 қазан – 2 қараша 2025 жыл;
    • 2-тоқсан – 8 апта, қысқы демалыс: 29 желтоқсан 2025 – 7 қаңтар 2026 жыл;
    • 3-тоқсан – 10 апта, көктемгі демалыс: 19-29 наурыз 2026 жыл;
    • 1-сыныптарға қосымша демалыс: 9-15 ақпан 2026 жыл;
  • 4-тоқсан – 8 апта.

Қорытынды емтихандар 9–11 сыныптар үшін 2026 жылдың 29 мамыры мен 15 маусымы аралығында өтеді.

ЖИ тренді мектепте

Жаңа оқу жылының басты ерекшелігі – жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіне енгізу. Жаңа оқу жылынан бастап Қазақстанда білім беру процесіне жасанды интеллект (AI) элементтері кезең-кезеңімен енгізіледі.

2025-2026 оқу жылында AI алдымен “Цифрлық сауаттылық” және “Информатика” пәндерінде қолданылады. Оқушыларға арналған Day of AI онлайн-курстары әзірленіп, мұғалімдер үш деңгейлі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап “Келешек мектептері” жобасы іске қосылады. Жаңа басқару стандарты енгізіліп, 3 мыңнан астам педагог арнайы оқудан өтті. Әдістемелік сүйемелдеуді Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық академия жүзеге асырады.

Енді мектепте фастфуд сатылмайды

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап барлық мектепте жаңа Тамақтану стандарты енгізіледі.

Негізгі талаптар:

    • Қантты тұтыну 3,5 есе азаяды;
    • Тұз мөлшері 2-5 есеге дейін қысқарады;
  • Көкөністер, жемістер мен сүт өнімдері көбейтіледі.

Қандай тағамдар алынып тасталады?

  • фастфуд (гамбургер, чебурек және т.б.);
  • шоколад батончиктері;
  • тәтті газдалған сусындар.

Министр Ақмарал Әлназарованың айтуынша, оқушылардың қанағаттану деңгейін бағалау үшін алғаш рет “жеуге жарамсыздық индексі” қолданылады, яғни тәрелкеде қалған тамақ қалдықтарының көлемі есептеледі.

Жаңа мектептер мен реновация

Елде 267 мың оқушыға арналған 232 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

  • 1 қыркүйекте 115 мың балаға арналған 83 мектеп ашылады;
  • Жыл соңына дейін 111 мектеп пайдалануға беріледі;
  • 245 мектеп (190 мың оқушы) жаңартылуда, оның ішінде 127-сінде реновация 1 қыркүйекке дейін аяқталмақ.

Сонымен қатар 2025 жылы 69 мыңнан астам оқушыны қамтитын 1 мың ауыл мектебін модернизациялау жоспарланған. Бүгінде оның 73,3%-ы орындалды. Сондай-ақ 680 мектепке 1 100 пәндік кабинет сатып алу көзделген.

Баланы бір мектептен екіншісіне онлайн ауыстыруға болады

Ата-аналар мен заңды өкілдер баланы бір мектептен екінші мектепке ауыстыруды eGov.kz порталы арқылы жүзеге асыра алады. Онда тұрғылықты жері бойынша немесе одан тыс кез келген білім беру ұйымын таңдап, өтінішті электронды түрде беруге мүмкіндік бар.

Бұл қызмет есептен шығару және бекіту талондарын, сондай-ақ жеке іс құжаттарын тапсыруды талап етпейді. Өтініш беруші оқу тілін таңдап, қажет болса, өтінішін қайтарып ала алады.

Қосымша білім және тәрбие жұмыстары

Тамыз айынан бастап бірқатар өңірде қосымша білім беруде бірегей мемлекеттік тапсырыс пилоттық режимде іске қосылды. 2026 жылдан бастап ол бүкіл елде енгізіледі.

Тәрбие саласында:

  • «Адал азамат» бағдарламасы жекеменшік мектептерге енгізіледі;
  • Оқушылар арасында «Заң және тәртіп» пилоттық жобасы Алматы облысында басталады;
  • Буллингке қарсы Kiva және «ДосболLIKE» бағдарламалары барлық мектептерге енгізіледі.

Жыл соңына дейін балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданады.

Бала қауіпсіздігі қалай сақталады?

11 800-ге жуық білім беру ұйымы қауіпсіздік жүйелерімен қамтылуы тиіс. Қазіргі көрсеткіштер:

  • 98% мектепте турникет бар;
  • 96%-ында дабыл түймесі;
  • 81%-ы полиция басқару орталығына қосылған;
  • 97%-ы лицензияланған күзетпен шарт жасаған.

Колледждер мен кәсіптік білім

Биыл колледждерге 150 мың студент қабылданады. Оның 70%-ы техникалық мамандықтарға бөлінбек. Мемлекеттік тапсырыспен оқитын студенттердің саны артып, жаңа оқу жылында 45 мыңға жетпек.

Оқу процесіне жасанды интеллект енгізіледі, IT мамандықтарында онлайн оқу жүйесі қолданылады. Қазан айында Ақтауда TurkicSkills халықаралық чемпионаты өтеді.

Колледждерде:

  • 135 мың студент дуальды оқытуға қатысады;
  • 4 мың кәсіпорын оқу орындарымен әріптестікте жұмыс істейді;
  • 10 мың жаңа бағдарлама жасалды;
  • 1 500 педагог кәсіпорындарда біліктілігін арттырады.

Президент мұғалім құқығын қорғауды күшейтуді тапсырды

Президент ұстаздардың құқықтарын қорғау әрқашан басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, жергілікті билік өкілдері кейде «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарын өрескел бұзып, мұғалімдерді міндетіне кірмейтін жұмыстарға жегіп жатады. Прокуратура мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеуі тиіс.

Мемлекет басшысы балаларға қатысты жазатайым жағдайлар үшін мұғалімдерді жауапқа тартудың орынсыз екенін де айтты.

Мектептен тыс жерде ата-аналардың жауапсыздығынан болған оқыс оқиғалар үшін ұстаздар жауап бермеуі керек, – деді ол.

Осыған байланысты Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғауға бағытталған өзгерістер енгізуді ұсынды.

Мемлекеттің міндеті – мұғалімнің қоғамдағы беделін және мәртебесін арттыру, – деді ол.

Қазақстандағы 2025–2026 оқу жылы ауқымды жаңалықтармен басталғалы отыр. Балабақшалар толықтай ваучерлік жүйеге көшсе, мектептерде жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізіледі. Жаңа Тамақтану стандартына сәйкес оқушылар енді фастфудсыз, пайдалы тағамдармен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жаңа мектептер ашылып, ескілері жаңартылуда.

Мемлекет басшысы ұстаздардың құқығын қорғауды ерекше атап өтті. «Педагог мәртебесі туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, мұғалімнің қоғамдағы беделі мен мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар күшейтіледі.

Осылайша, алдағы оқу жылы білім беру сапасын көтеріп қана қоймай, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына, мұғалімдердің құқығына да басымдық бермек.


ПІКІР ЖАЗУ