Қоқыс, көгерген иіс пен кір: Алматыдағы мектеп асханасы ата-аналарды шошытты

Желіде Алматыдағы №65 мектеп-гимназиясы оқушыларының ата-аналары оқу орнының асханасындағы өрескел антисанитариялық жағдайға шағымданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бір оқушының ата-анасы мектеп асханасынан түсірілген бейнежазба мен фотосуреттерді жариялады. Кадрларда кір ыдыстар, қабырғадағы көгерген іздер және дайын асты жеткізуге арналған қоқысқа толы лифт көрсетілген.
Фото мен бейнематериалда Алматы қаласындағы №65 гимназияның (Бостандық ауданы, Қаныш Сәтбаев көшесі, 101) мектеп асханасының қазіргі жағдайы көрсетілген. Асты жеткізуге арналған лифтке ерекше назар аудару қажет. Ол өз мақсаты бойынша қолданылудың орнына іс жүзінде қоқыс жинайтын орынға айналған. Оның астында кір-қоқыс шашылып жатыр, қасында көгерген ыдыстар мен өрескел антисанитарияның өзге де белгілері бар, — деп жазды пост авторы.
Ата-аналар мектеп асханасын қамтамасыз ететін жеке кәсіпкердің жұмысына тексеріс жүргізуді сұрап, прокуратура мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметке жүгінген.
Әлеуметтік желіде жарияланған ата-аналардың жазбасына Алматы қаласының білім басқармасы жауап берді.
Мемлекеттік коммуналдық мекеме «№65 мектеп-гимназиясының» директорына ішкі мектептік бақылауды әлсіреткені үшін ҚР Еңбек кодексіне сәйкес тәртіптік жаза қолданылды. Бұл факт аудандық СЭС-ке жеткізілді, ал ыстық тамақ жеткізушісіне қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады, — деп жазған Білім басқармасы жауабында.
Еске салайық, 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда мектепте тамақтандырудың жаңа стандарты күшіне енді.
Құжатты Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен, Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп, сондай-ақ ЮНИСЕФ-ті қоса алғанда, халықаралық ұйымдардың қолдауымен әзірледі. Бұл шешім Мемлекет басшысының 1,7 миллион мектеп оқушысына тегін тамақтандырудың сапасын арттыру туралы тапсырмасы аясында қабылданды.