Жаңбыр жауса көлік батады: Алматыдағы Аманжол көшесіндегі мәселе қашан шешіледі

0

Жаңбыр жауса асфальт шөгіп, көліктер бататын Алматыдағы Аманжол көшесіндегі мәселе қашан шешіледі? Бұл сұраққа қала әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев жауап берді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Расымен мәселе бар. Өзіміз де бұл нысанға шықтық. Қазір Аманжол көшесінде сараптама жүріп жатыр, ол жерге мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы кіріп, зертханалық зерттеулер жүргізуде. Олар ертеңге дейін бізге асфальттың не себепті шөккені жайлы барлық деректерді ұсынуы тиіс, — деді Алмасхан Сматлаев.

Сөзінше, әкімдіктегілердің байқағаны бойынша, бұған шамасы жол жамылғысының дұрыс төселмеуі себеп болған. Бірақ нақты қорытындыны сараптама шыққаннан кейін ғана айтамыз деп отыр.

Ал Яссауи көшесіне келсек, мұнда да жағдай ұқсас. Бұл жерді де МСҚБ (мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы) тексеріп жатыр. Нақты себебі анықталғаннан кейін сіздерге жеке жауап береміз, – деді әкімнің орынбасары.

Бұған дейін ол Аманжол көшесіндегі жұмыстарды 2025 жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отырғанын хабарлаған. Ал Кекілбайұлы мен Яссауи көшелеріндегі ескертулер толығымен жойылып, көлік қозғалысы қайта қалпына келтірілген.

Еске салсақ, Алматы әкімі бірқатар аудан басшыларына қатаң сөгіс жариялаған болатын. Олардың қатарында Әуезов ауданындағы Аманжол көшесінде су тасқынынан кейін жол төсемінің шөгіп, 13 көлік зақымдалуына («Спецстрой Групп ЛТД» ЖШС жұмысы) және Яссауи көшесіндегі асфальттың опырылуына («Спецкоммунстрой» ЖШС) байланысты аудан әкіміне қатаң сөгіс берілген еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматы тұрғындарына ескерту жарияланды. Қалада 23 қыркүйектен бастап 24 қыркүйектің таңына дейін нөсер жаңбыр жауады деп болжанып отыр. Осыған байланысты барлық коммуналдық және жедел қызметтер тәулік бойы кезекшілікке көшті.


ПІКІР ЖАЗУ