Құрылыс саласына жаңа салық тәртібі енгізіледі

0

Бүгін елордада жаңа Салық кодексін түсіндіруге арналған семинар өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Семинарға Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, қаржы министрі Мәди Такиев, сондай-ақ Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

ҚҚС мөлшерлемесі салық салынатын айналымның 16% деңгейінде белгіленді. Дәрілік және медициналық заттар, сондай-ақ медициналық қызметтер үшін ҚҚС мөлшерлемесі 2026 жылдың 1 қаңтарынан 5%, ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан 10% шамасында болады. Одан бөлек, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС аясында, сондай-ақ Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды өткізу әрі импорттау және медициналық қызметтер ҚҚС-тан босатылады,- деді Жәнібек Нұржанов.

Жәнібек Нұржановтың айтуынша, 2026 жылдан тұрғын үй-жайды (пәтерді) сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-тан босату жойылады.

Бұл ретте, тұрғын үйлер мен үй-жайлардың құрылысын жүзеге асыратын құрылысшылардың сауда айналымына келер жылдан бастап салық салынады. 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін басталған құрылыс нысандары үшін салықтан босату ғимарат толық өткізілгенге дейін күшінде болады. Салық кодексінде ҚҚС-тан босатудың өзге де бағыттары ескерілген. Бұл тұрғыда ішкі туризм бойынша туроператордың қызметтері бар. Қазір елімізде кіру туризмі ғана ҚҚС-тан босатылған. Мұнымен қоса, отандық басылымның кітаптары, баспа түрінде кітаптар шығару бойынша қызметтер, археологиялық жұмыстарында осындай жеңілдіктер бар,- деді ол.

Айта кетейік, бүгін жаңа Салық кодексін халыққа түсіндіру жұмыстары басталды.


ПІКІР ЖАЗУ