Аймағамбетов директорларға берген уәдесін орындағанын айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мектеп директорларына қатысты әкімшілік айыппұл мәселесі бойынша бұған дейін берген уәдесін орындағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз бұған дейін мектеп директорларына қатысты бір мәселені көтеріп, оны шешуге уәде берген едік. Мәселе – мектептерге санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары (СЭС) келгенде орынсыз салынатын айыппұлдар туралы, – деді депутат.
Аймағамбетовтің айтуынша, үш ауысымды мектептерде, жабдықтары жетіспейтін немесе бір сыныпта 45 оқушы оқитын жағдайда кінәні директорға артып, ірі көлемде айыппұл салу – әділетсіздік.
Бір жағдай елордада болды. Бір директорға 600 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Ол қаражатты таба алмаған соң, ұжымынан жиналуды сұраған. Бірақ кейін сол ұжымның кейбір мүшелері шағым түсіріп, директор жұмыстан босатылды. Бұл – әділетсіз жағдай. Себебі шатырдан су ағу немесе ғимараттың ескіруі – бұл директордың құзырындағы мәселе емес, – деді депутат.
Осыған байланысты, Аймағамбетов тиісті өзгерістер енгізілгенін хабарлады. Енді мектеп директорлары өз құзыретіне жатпайтын, қаржы тапшылығы салдарынан туындаған жағдайлар үшін айыппұлмен жазаланбайды. Мұндай мәселелерді шешу жауапты органдармен келісу арқылы жүргізіледі.
Депутаттың айтуынша, қазір екі бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Біріншісі – санитарлық тексерістер кезінде бірден айыппұл салмай, алдымен нақты ұсыныстар беріп, мәселені шешуге мүмкіндік беру.
СЭС мамандары мектепке келіп, кемшіліктерді анықтаса, бірден айыппұл салмауы тиіс. Оның орнына не істеу керек екенін көрсетіп, ұсыныс берсін. Негізгі мақсат – білім ордаларындағы проблеманы шешу, жазалау емес, – деді Аймағамбетов.
Айта кетейік, Асхат Аймағамбетов аталған заң жобасының негізгі жаңалықтарын тізбектеп көрсеткен еді.
Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты енді елімізде 6 жасқа толған балалар жазға дейін балабақшада қала алатынын жеткізді.